Жас қаржыгерлер клубы ашылды
Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде жас қаржыгерлер клубының ашылуы өтті. Биыл жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар арасында қаржылық сауаттылықты қалыптастыру жобасын жүзеге асыруда және клуб осы жобаның бір бөлігі болады. Оған ҚЭУ және қала мен облыстың басқа да жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ жалпы барлық тілек білдірушілер мүше бола алады. Қаржылық сауаттылықты оқыту тегін, ал клуб түлектері кейіннен білімдерін мектеп оқушыларымен бөлісе алады.
Жастар саясаты басқармасы жобасының міндеттері қаржылық шешімдерді орынды қабылдау үшін негіз болатын бюджетті жоспарлау дағдылары мен құзыреттерді қалыптастыруға, қаржы пирамидаларына және өзге де алаяқтық схемаларға қатысу тәуекелін төмендетуге, капиталды жинақтау және көбейту мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Клуб қатысушылары ҚЭУ-де экономика және қаржы саласындағы жаттықтырушылармен 40 сағаттық оқу курсынан өтеді. Клуб қаржылық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында жастардың күш-жігерін біріктіру үшін мерзімсіз негізде құрылды. Клубта оқу аяқталған кезде қатысушыларды спикер ретінде облыс мектептерінің бітіруші сынып оқушыларымен ақпараттық кездесулер күтіп тұр. Жоба шеңберінде ақпараттық іс – шаралар, оның ішінде тұрғын үй – жинақ және білім беру депозиттері, акцияларды, зейнетақы активтерін басқару және басқа да қаржы салаларындағы сарапшылармен және мамандармен тікелей эфирлер өткізу көзделген.
– Біз қаржылық сауаттылық туралы біліммен 2, 3, 4 курс студенттеріне және клубқа қосылғысы келетіндердің барлығымен бөліскіміз келеді. Бұл қатарға Қарағанды және облыстың басқа жоғары оқу орындарының студенттері де қатыса алады. Кездесулер түстен кейін және көбіне онлайн-форматта, адамдар жұмыс және оқу күнін аяқтаған кезде өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін клубтан шыққан адамдар қаржылық сауаттылыққа мектеп оқушыларын оқытатын болады. Бұл үшін мектептермен алдын ала уағдаластық жасалды. Түлектер кемінде 5-7 семинар өткізуі тиіс. Оқу кезінде клубта қаржы саласының ерекшеліктері, қаржы институттарында қалай жұмыс табуға болатындығы, қаржы пирамидалары мен алаяқтықты қалай ажыратуға болатыны туралы айтылады. Яғни, біз өзекті мәселелерге тоқталамыз. Айтпақшы, оқуды аяқтаудың тағы бір жағымды бонусы-клубтың брендтік белгісін алу,- дейді ҚЭУ-нің 2015 жылғы түлегі, клубтың модераторы Абай Отарбаев.
Қазтұтынуодағы ҚЭУ клубын ашуға жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов, «Банк Центркредит» бөлімшесінің басшысы Рустам Дүйсенов, «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясының директоры Руслан Нұрденов, БЖЗҚ филиалының директоры Мамырлы Мәмбетов, сондай-ақ ЖОО оқытушылары мен тиісті кафедралардың басшылары қатысты.
— Қатысушылар, мысалы, бірінші курс студенттері үшін тренингтер мен мастер-кластар өткізу мүмкіндігіне ие болады, олар да бірлестікке кіріп, өздерінің қаржылық сауаттылығын арттыра алады, — деп жалғастырды Абай Отарбаев. – Яғни, адам іс-әрекеттің қандай да бір форматымен шектелмейді. Мүмкін, біреу қаржылық сауаттылық туралы блог жүргізгісі келеді, неге болмасқа? Бұл сала да өте өзекті. Өкінішке қарай, Қазақстан халқы қарыз бойынша несие тұрғысынан ТМД – да көш бастап тұр. Халық барлық қарыздарын төлей алмайды. Мысалы, тіпті ресейлік компаниялар Қазақстанда микроқаржы ұйымдарын ашуға тырысады: біздің адамдар жиі қарыз алады, содан кейін ақшаны қайтара алмайды.
Айназия Идирисова ҚЭУ — де 9 жылдан бері жұмыс істейді, ол да осы университеттің түлегі, ал қазір банктік менеджмент және қаржы нарықтары кафедрасының аға оқытушысы. Бұрын мұндай клуб тек қалада да, облыста да болған емес, дейді Айназия.
— Шын мәнінде халыққа қаржылық сауаттылықты арттыру қажет. Адамдар кредит берумен, қаражатты үнемдеумен байланысты қателіктер жібереді. Көбінесе өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін есептей алмайды, ал бұл түрлі проблема туғызады. Біз, ҚЭУ оқытушылары, жас қаржыгерлер клубында спикерлер болып, клуб мүшелері үшін тренингтер өткізуге жәрдем көрсететін боламыз,- дейді оқытушы.
Сондай-ақ, тиісті мекеме қызметкерлері студенттерге сарапшы-практик ретінде шеберлік сабақтарын өткізу үшін университетке келеді. ЖОО-да «Платиналық дәрістер» де өткізіледі: осы салада тәжірибесі бар банктердің топ-менеджерлері мен директорларының орынбасарлары студенттермен өз дағдыларымен бөліседі. Сондықтан барша ниет білдірушілерді білімдерін толықтыруға шақырады.