Онлайн саудаға жаңа талап: шетелдік тауарды декларациялау міндеттеледі

Қазақстандықтар енді шетелдік интернет-дүкендерден тапсырыс берген сәлемдемелерін декларациялауға міндетті болады. Сенат Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Жаңа талаптарға сәйкес, шетелден келетін тауардың құны қайта есептеліп, салықтық рәсімдер қатаңдайды.

Сенат өкілдерінің айтуынша, декларацияны толтыру күрделі құжат емес. Сатып алушы тек тауардың құнын, салық мөлшерлемесін және төленетін соманы көрсетуі тиіс. Құжатты өздігінен толтыра алғандарға бұл тегін болады. Бірақ бұл ереже құны 200 еуродан аспайтын (шамамен 127 мың теңге) сәлемдемелерге ғана қатысты.

«Азамат келіп, тауарын өзі декларациялауы керек не болмаса «Қазпоштаға» немесе осы қызметпен айналысатын басқа да компанияларға жүгінеді. Олар азаматтың орнына тауарды декларациялап бере алады» деп түсіндірді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Азамат Амрин.

Министрліктің мәліметінше, мұндай қызметтің бағасы шамамен 4-5 мың теңге болады. Алайда тауарды өзі декларациялағандардың да шығыны артады. Бұрын баж салығы 15 пайыз болса, енді ол 5 пайыз болып белгіленеді, бірақ оған қосымша 12 пайыздық қосылған құн салығы қосылады. Жаңа жылдан бастап бұл көрсеткіш 16 пайызға жетпек.

Мамандардың айтуынша, қазақстандықтар арасында кең таралған Temu, Pinduoduo және AliExpress секілді онлайн алаңдар тауар бағасына ҚҚС-ты алдын ала қосып қойған. Сондықтан олардың клиенттері қосымша салықты аз төлейді. Бұл туралы әлеуметтік желіде Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі түсіндірді.

– Жаңа нормалар тек алыс шетелден келетін сәлемдемелерге қатысты. Ал Wildberries пен Ozon арқылы тапсырыс берушілерге мұндай талаптар жүрмейді, – деп нақтылады Әлия Рахимова.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»