Ғылым мен еңбектің символы – Евней Бөкетов

Қарағандыда көрнекті ғалым, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Е.А.Бөкетовтің ғылыми көкжиектері» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Шарада академиктің ғылыми ізденістері, әдеби мұрасы және қоғамға қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен сөз болды.

Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, шетелдік және отандық жетекші ғалымдар, белгілі түлектер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Академиктің ең алдымен еңбек адамы, ғылым адамы ретіндегі бейнесі шараның негізгі өзегіне айналды.

«Мемлекет басшысы елге еселі еңбек сіңірген қайраткерлердің мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту жалпыұлттық бірегейлікті нығайту үшін қажет екенін айтқан болатын. Бүгінгі шара – осы бағыттағы іргелі істердің жарқын көрінісі. Е.Арыстанұлы саналы ғұмырын ғылымға арнап, химия-металлургия саласын терең зерттеген бірегей тұлға. Ол ҚарМУ-дың тұңғыш ректоры және негізін қалаушы ретінде ұлттық жоғары білім ісін ілгерілетуге үлкен үлес қосты. Осындай ерен тұлғаның өнегелі өмірін ұлт санасында жаңғыртып, мұрасын кеңінен дәріптеудің қашан да берері мол», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы.

Евней Бөкетов – металлургия мен химиялық технология саласының көрнекті ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жоғары білімнің ұйымдастырушысы, жазушы және аудармашы. Оның ғылым мен әдебиеттегі мұрасы – елдің интеллектуалдық әлеуетін айқындайтын асыл қазына.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та ғалым еңбегінің мән-маңызына тоқталды.

«Е.А.Бөкетов ұлттық ғылымның өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қайраткер, халықаралық ғылыми ортада беделі бар заңғар тұлға. Оның химия-металлургия саласын дамытуда атқарған еңбектерінің маңызы айрықша. Ғалымның бірегей зерттеулері негізінде еліміздің ғылыми-техникалық әлеуеті нығая түсті. Е.Бөкетов ҚарМУ-дың алғашқы ректоры ретінде жоғары білім саласын өркендетуге зор еңбек сіңірді. Білікті кадрлар даярлауда жас ғалымдарды ерекше қолдауға көңіл бөлді», – деді аймақ басшысы.

Конференцияда үш негізгі бағытта 200-ге жуық баяндама ұсынылды. Олар – химия, металлургия мен технология саласындағы ғылыми зерттеулер, әдеби және публицистикалық мұралар, сондай-ақ академиктің қоғамдық ойшыл ретіндегі еңбектері. Бұл баяндамаларда ғалымның тек ғылымға ғана емес, қоғам мен адамзатқа адал қызмет еткен еңбек адамы ретіндегі бейнесі кеңінен ашылды.

Сонымен қатар конференция аясында «Болмысы бөлек Бөкетов» атты естелік жинағының тұсаукесері өтті. Кітапта академиктің замандастары мен шәкірттерінің естеліктері, оның адамгершілік болмысы мен рухани мұрасы қамтылған. Алтынбек Нұхұлы бұл еңбекке қатысты:

«Евней ағамыздың өмірі қысқа болғанмен, жеткен асулары мен қалдырған мұралары өте зор. Бүгін тұсауы кесілген «Болмысы бөлек Бөкетов» атты кітаптың ішінде көп дүние бар деп санаймын», – деді.

Академик Е.А.Бөкетовтің есімі бүгінде ғылым, білім және еңбек ұғымдарымен тығыз байланысты. Оның өнегелі өмір жолы жас буынға үлгі болса, ғылыми мұрасы ел болашағын айқындайтын темірқазық болып қала бермек.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»