Кәсіпкерлерді қолдау – өңір дамуының кепілі
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлермен бейресми форматта кездесті. Жүзден астам бизнес өкілдері қатысқан басқосуда аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуы, сондай-ақ алдағы инвестициялық жоспарлар кеңінен талқыланды. Әкімнің айтуынша, мұндай кездесулер тек ресми есеп беру емес, бизнес алдындағы ашық диалог пен сенім орнатуға арналған алаң болуы тиіс.
«Менің бұл кездесуге келмеуім дұрыс болмас еді, өйткені бәрібір де, облысымыз бен еліміздің экономикасын дамытып отырған – ең алдымен, сіздер. Біз сіздерге арқа сүйейміз», – деді Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлерге арнаған сөзінде.
Аймақ басшысы экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын атап өтті. «Статистикаға сүйенсек, барлық көрсеткіш бойынша өсім байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 7,4 пайызға өсті. Біз мұны қалыпты деп есептейміз, бірақ біз үшін ең бастысы – инвестициялар», – деді облыс әкімі. Оның айтуынша, биыл 1,5 трлн теңгеге дейін инвестиция тарту міндеті тұр, оның ішінде тікелей шетелдік инвестициялар да бар.
Бұл бағытта облыста арнайы инвестициялық штаб жұмыс істейді. «Бізде инвестициялық жобалар пулы бар, инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істейді. Мен өзім де ай сайын оған қатысамын. Бұл жобаларды жүзеге асырып жатқан әріптестерімізбен бірге түрлі мәселені бірлесе шешіп, талқылаймыз», – деді өңір басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында экономиканың құрылымын әртараптандыру мен жаңа тетіктерді енгізуді тапсырған болатын. Соған сәйкес, Қарағанды облысында да бизнесті қолдау шаралары жүйелі түрде іске асуда. Биыл шағын және орта бизнесті дамытуға 14,5 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 10 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің біріне түсті.
Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай кездесулердің пайдасы зор. Тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын кәсіпорынның басшысы Вячеслав Цой: «Өз басым бұл бастаманы өте керемет әрі дұрыс деп санаймын. Себебі бизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ашық әрі еркін диалогқа мүмкіндік бар. Бизнесте әрдайым жұмысқа қатысты мәселелер, қиындықтар болады. Ал егер сол мәселелерді ашық айтуға, шешуге қадам жасауға мүмкіндік болса – бұл үлкен әрі жақсы мүмкіндік деп ойлаймын», – дейді.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев те өңірдің әлеуетін жоғары бағалап: «Біз әр кәсіпкерді жүзінен танимыз және де олар жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын. Менің ойымша, дәл осының арқасында біздің Қарағанды облысы өркендейді», – деп атап өтті.
Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мұндай ашық кездесулер тұрақты түрде жалғасын таппақ. Бұл тек бизнестің мәселелерін шешіп қана қоймай, өзара байланыс орнатып, жаңа серіктестікке жол ашады. Нәтижесінде, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, елдің өркендеуіне үлес қосуды мақсат етеді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

