Спортқа 4 миллиард теңге бөлінді
Сарыарқа жері – халықаралық аренада ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген чемпиондар мектебі. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарындағы спорттағы жетістіктер туралы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, 30 жыл ішінде әлем чемпионаттарында – 476, Азия чемпионаттарында – 1046 медаль қоржынымызға түскен. Қарағандылық спортшылар бірнеше рет тұғырдың жоғарғы сатысына көтеріліп, Олимпиада ойындарында мықтылардың қатарынан табылған.
Жас мемлекет енді қалыптасып келе жатқан кезеңде қаржыландыру жеткіліксіз болған. Жаттықтырушылар құрамының тапшылығы байқалып, спорттық инфрақұрылым «зардап шеккен» кезең кімге де болсын оңай тиген жоқ дейді басшы.
Аталған қиындықтарға қарамастан, Қарағанды өңірі жас таланттарды байқап, беделді біріншіліктерге қатысуға дайындап, қарсыластарын жеңуге үйретті.
Олимпиада көгінде жарқыраған жұлдыздардың арасында Василий Жиров, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Дмитрий Карпов, Серік Сәпиев және Эльмира Сыздықова бар. Олардың есімдері әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылды.
— Өкінішке қарай, біздің спортшылар осы жазда өткен Токио Олимпиадасында медаль ала алмады, — деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы. — Біз терең талдау жасап, қорытынды шығардық. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына бір жарым мыңға жуық спортшы қабылдаймыз. Париждегі келесі ойындарда отандастарымыз жарқын жеңістерімен қуантады деп үміттенеміз.
Сондай-ақ, Қарағанды халықаралық турнирлерде өз атлеттерін көрсетіп, мықтылар қатарында болуы үшін өңірде спорттың жүзге жуық түрі дамып келеді, оның 44-і – олимпиадалық спорт түрі.
Қазір спортпен 400 мыңнан астам адам айналысады, оның ішінде 145 мыңы – бала. Облыста 45 спорт мектебі, Әлия Молдағұлова атындағы олимпиада резервінің мектеп-интернатколледжі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, олимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі жұмыс істейді. Жақында олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі ашылды.
— Өңірдің барлық мемлекеттік спорт мектептерінде сабақтар тегін өткізілетінін атап өткім келеді, — деді Темірхан Абылаев. — Қазіргі балалардың гаджеттерге тәуелді, ұялы телефондағы ойындарды ұнататындығын жоққа шығармаймын. Соған қарамастан, спортқа деген қызығушылық жастар арасында жылдан жылға өсіп келеді. Бұған спорттық көрсеткіштер дәлел. Атап айтқанда, қалалар мен аудандар әкімдерінің қаулылары күшіне енгеннен кейін спорт ғимараттарына қолжетімділік артты. Жастардың сабақтан тыс және кешкі уақытта спортпен шұғылдану мүмкіндігі болуы үшін жалпы білім беретін мектептердің 257 спортзалында барлық жағдай жасалған. Айта кету керек, облыста жеті мыңға жуық түрлі секция жұмыс істейді, жартысы соңғы екі жылда ашылған. Аталмыш орындарда 419 мыңға жуық адам спортпен шұғылданады, — дейді аймақтың бас спортшысы.
2021 жылы облыста бұқаралық спортты дамытуға төрт миллиардтан астам теңге бөлінді. Бұл өткен жылға қарағанда, 58,6 пайызға көп.
Жыл сайын жүздеген спорттық-бұқаралық ісшаралар өткізіледі. Әсіресе, 28 мың адамды қамтитын 10 облыстық спартакиаданы атап өткен жөн. Пандемия кезінде алғаш рет Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қалалар мен аудандар арасында «Saryarka» онлайн спартакиадасы ұйымдастырылды. Бәсекеге бес мыңға жуық адам қатысып, қашықтық режиміндегі жарыстар арасындағы жаппай рекорд орнатылды.
Жақында мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына қаржыландыру енгізіліп, облыстық бюджеттен 1,911 миллиард теңге бөлінді. Қаржының 50 миллион теңгесі игерілді.
Спорттың 18 түрі бойынша 467 секция ашылды. Атап айтқанда, шахмат, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, жүзу, баскетбол, спорттық билер, дзюдо, футбол, грек-рим күресі, таэквондо, бокс, шаңғы жарысы, каратэ үйірмелері бар. Онда алты мыңға жуық бала жаттығады.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының жанынан осы жобаны іске асырумен және мониторингпен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Барлық қажетті ақпаратты алуға болатын байланыс орталығы жұмыс істейді.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
QH