Қарағандыда жаңа саябақ салынады

Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының абаттандыру және жоспарлау бөлімінің басшысы ЖАҒАЛБАЙЛЫ Мадияр Мұсаұлы аудандағы абаттандыру жағдайын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

— Қалада абаттандыру жұмыстары қалай жүргізілуде?

— Биыл біз елу үш аулада абаттындыру жұмыстарын жүргіздік. Атап айтқанда, балалар ойын алаңдары, спорттық тренажерлар, кіші сәулет нысандары орнатылды. Жыл басынан бері Қазыбек би ауданында елу үш балалар ойын алаңы мен жеті футбол алаңына жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын ескере келе, ойын алаңдарының ауданын 100-ден 300 шаршы метрге дейін арттырдық. Сонымен қатар, ойын элементтерінің санын көбейттік. Қазіргі уақытта Ермеков және Крылов көшелері бойынша жұмыстар аяқталды. Келісімшартқа сәйкес, барлық жұмыстар уақытылы жүргізілді. Одан басқа, жеті жаңа футбол алаңы салынды. Айналасы брусчаткамен, төбесі жоғарғы бөлігі тормен жабылған алаңдардың ауданы, министандартқа сәйкес – 40х20.

Сонымен қатар, қайта жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары да уақытылы атқарылды. Тоғыз ескі футбол алаңы жаңартылды. Сондай-ақ, аялдамалар жаңа түске боялып, тұрғындардың өтінішімен, басқа орындарға ауыстырылды. Ал, аула аумақтарында 6,5 мың шақырым асфальт жабыны төселді.

Көгалдандыру жұмыстарына тоқсалсақ, Нұркен Әбдіров, Бұқар Жырау даңғылдары мен цирк маңына көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Аулаларда тұрғындардың шағымымен ауруы бар, адамдарға зақым келтіруі мүмкін талдар кесілді. Осы мәселе бойынша, биыл бес жүз алпыс тоғыз аула аумағынан шағым түсті. Өкінішке қарай, тоқсан аулада ғана нәтижелі жұмыс атқарып үлгердік. Оған қоса, биыл төрт мыңға жуық тал отырғызылды.

Қақпақсыз, ашық жатқан құдықтар мәселесі әлі де мәз емес. Ақша табу мақсатында қақпақтарды ұрлап, металл сатушыларына өткізтіндердің саны көбеймесе, азаймай келеді. Жеке үйлердің кәріз құбырларын үй қожайындары ашық тастап кеткенін байқау қиын емес. Құрылыс жұмыстары кезінде қақпағы ашылған құдықтар кейін жабылусыз қалған. Үлкендердің шалағайлығынан бүлдіршіндерге қауіп төнуі де ықтимал. Алда қыс маусымы болғандықтан қалың жауған қар ашық құдықтардың бетін жауып, қауіп деңгейін одан әрі арттыратыны да түсінікті. Сондықтан, барлық кәріз құдықтарының қақпақтары жабылды.

Биыл жерасты өткелдері әкімдік меншігіне өткен еді. Бірақ, әлі еш өзгеріс жоқ. Қандай жоспар бар?

— Жерасты жаяу жүргіншілер жолы — стратегиялық нысандар. Егер олар қирап қалса, автомобиль қозғалысы бұзылады. Барлық жерасты жолдары қаланың негізгі күре жолдарында орналасқан. Сондықтан, олардың жағдайынан хабар алу керек. Сараптама жүргізу керек. 1990 жылдары барлық жерасты өткелдері жеке кәсіпкерлерге берілген еді. Сол уақыттан бері бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Меншік иелерімен ұзақ уақыт келіссөз жүргізіп, өтпе жолдарды әкімдік меншігіне өткізу туралы шешімге келдік. Қазіргі уақытта құжаттарды заңды түрде рәсімдеу үстіндеміз. Сосын кеншілер мәдениет сарайы мен орталық әмбебап дүкен алдындағы жерасты өтпе жолдарын күрделі жөндеуді жобалауға кірісеміз. Жобаны әзірлеу кезінде қозғалысы шектеулі тұрғындардың қажеттіліктері қамтамасыз етілетін болады. Жөндеу жұмыстарының жоспарын міндетті түрде жұртшылыққа ұсынамыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Жоба экспертизадан өтсе, келесі жылы реконстукция жасалатын болады.

— Осы жылы Нұркен Әбдіровтың ескерткіші жаңартылды. Басқа да ескерткіштер мен мүсіндерді жаңарту жоспарда бар ма?

— Иә, біраз жыл бұрын кеншілер қаласындағы Нүркен Әбдіров көшесінде тұрған батыр ескерткішінің кей бір бөлігі зардапқа ұшыраған болатын. Нақты айтқанда, ұшқыш тізгіндеген ұшақтың шойыннан құйылған штурвалдың кейбір механизмі үгітіліп түсіп қалды. Осыған орай, облыстық тарихимәдени мұраны сақтау орталығы тарихи жәдігерді қайта қалпына келтіру үшін мүсіншілерге жүгінді. Мамандар ескерткішті тексере келе, оны бүтіндей жаңарту мүмкін емес деген қорытынды жасады. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан көркем комбинаты Қаз Арт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі даңқты ұшқыштың ескерткішін қайта жасап шықты. Қола мүсінде батырдың бет әлпеті мен кәсіби формасы қаз-қалпында сақталған. Жаңа тұрпатты ескерткіш қыркүйек айының басында бұрынғы орнына қайта жайғасты. Сонымен қатар, саябақтардың ішіндегі ескерткіштердің тұғырын жаңарттық. Күрделі жұмыстар Ю.А.Гагарин, Қаныш Сәтпаев, Язев алаңдарында жүргізілді. Ал, Саябақтар басқармасы Аманжолов саябағын, «Мәңгілік алауды» қайта жаңартты.

— Жаз айларында қаладағы көптеген су құрылымдары жұмыс істемеді. Қала тұрғындары екі-үш жыл қатарынан көптеген субұрқақтардың жұмыс істемей тұрғандығына шағымданды.

— Қаладағы субұрқақтар мен саябақтар биыл ғана біздің басшылығымызға өтті. Сондықтан, су құрылымдарын толық қарап шығу қажет болды. Нәтижесінде, көптеген механизмдердің қазірдің өзінде істен шыққандығы анықталды. Біз оларды қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеттік. Жаз басталғалы Назарбаев даңғылындағы үш бірдей субұрқақ, мәдениет үйінің алаңындағы бірнеше субұрқаққа жөндеу жүргізілді. Ал, цирк, «Шалқыма» және вокзал маңындағы субұрқақтарды күрделі жөндеуден өткізу керек. Аталған үш фонтан тамыз айында жөнделді. Фонтандардың көбі мүлдем дерлік жөндеуден өтпеген. Сол себепті, жазда оларды қосу өте қауіпті еді. Көктемде каскад алаңындағы субұрқақтың жұмысын қамтамасыз ететін сорғы станциясы су астында қалған. Осыған байланысты, фонтан іске қосылмаған. Сондайақ, субұрқақтар көбіне бұзақылық пен жабдықтарды ұрлауға байланысты істен шыққан. Сонымен қатар, «Шахтер» футбол клубының аллеясы мен орталық саябақта орналасқан субұрқақтар да биыл жұмыс істемеді. Оларды жөндеу келер жылға жоспарланып отыр. Жалпы, қалада 28 субұрқақ бар. Оның он сегізі – қала орталығында, жетеуі – Оңтүстік-Шығыс аумақта және үшеуі Әлихан Бөкейхан ауданында орналасқан.

— Сондай-ақ, аудан тұрғындары балалар алаңының қауіпсіздігіне алаңдайды. Әткеншектер мен сырғанақтардың жанына жаңа жарық бағандары орнатылған. Ал, электр сымдары қапталмаған… Бұған не дейсіз?

— Өкінішке қарай, жарықтандыру бағандарының көбінен заңсыз сым тартылған. Мұның салдарынан, ашық тұрған электр желілері айтарлықтай қауіп төндіруде. Әсіресе, балалар үшін қауіпті. Біз қалалық мәслихат депутаттарымен бірге проблемалық учаскелерді қарап, қорғаныс цокольдерін жасадық. Кәсіпкер ретінде Нұрлан Әбубәкіров Республика даңғылына өз қалтасынан қаражат шығарып, орнатты. Олар берік материалдан, шыны талшықтан жасалған. Алдағы уақытта орталық саябаққа да қорғаныс құрылғылары орнатылатын болады. Цокольдің шыны қабаты аптап ыстық пен аязға, тіпті, велосипедтің соққысына да төтеп бере алады.

— Қарағанды қашан қозғалысқа қолайлы қала болады?

— Пандустардың орнатылуы қозғалысы шектеулі жандардың мәселесін толық шеше алмайды. Жолдардың бордюрлары, мекемелердің сатылары да қозғалысқа қолайлы болуы керек. Мекеме басшылары бұл мәселені қолға алмаса, сотқа жүгінуге тура келеді. Қазір көптеген кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелердің басшыларына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Біз күн сайын жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімімен бірлесіп, қолжетімділік картасын толықтыру үшін қала нысандарына барып, тексереміз. Сәулет бөлімі мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолайлылық деңгейін бағалайды. Сонымен бірге қауіпсіз, жайлы ортаның қамтамасыз етілуін қадағалаймыз. Мекеме басшыларына арнайы белгіленген стандарттар көрсетілген төлқұжаттар беріледі. Өкінішке қарай, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, сауда, ойын-сауық орталықтары, спорт кешендері, мемлекеттік мекемелер мен қалалық әуежай бекітілген талаптарға сай емес. Бұл нысандарда санитарлық аймақтар, нашар көретіндерге арналған тактильді бағыттаушы белгілер, мүгедектер арбасына таңылған адамдарға арналған қоңырау түймелері жоқ. Сәулет басқармасы қаланың 45 нысанына рейд жүргізді. Оның 12- сі ғана сертификаттаудан өтіп, 100% қол жетімділікке ие болды. Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі 2021-2023 жылдарға арналған мүгедектерге 100% кедергісіз қозғалысты қамтамасыз ету бойынша жол картасын бекіткенін атап өткім келеді. Жоба автомобиль және теміржол көлігі саласындағы қолайлылықты да қамтамасыз етеді.

— Күнделікті тазалық жұмыстары қалай жүргізілуде?

— Аудан бойынша бес мердігер ұйым күнделікті тазалау жұмыстарын жүргізеді. Әр мердігер ұйымның өз тазалық секторы мен атқаратын қызметі бар. Ал, саябақтарды тазалау – басқа мердігердің міндеті. Күн сайын сексен техника мен жүз отыздан астам адам қала тазалығы үшін жұмыс істейді. Федоровка, Михайловка, Күнгей, Таугүл, Орталық секторларына күнделікті рейд жүргізіп, жұмыстардың атқарылуын қадағалаймыз. Әлеуметтік желілер мен диспетчер жүйесіне күніне қырықтан астам шағым келіп түседі. Олқылықтарды дер кезінде түзетуге тырысамыз. 411353 нөмірінде диспетчерлік телефон тәулік бойы жұмыс жасайды.

— Күз түскелі күн де ұясына ерте бататыны белгілі. Ата-аналарды балалардың оқу орнына барып-келу жолындағы қауіпсіздігі алаңдатады. Жарықтандыру мәселесі қалай жүргізілуде?

— Қазіргі уақытта жол бойына жарық бағаналарын салуға уәкілетті орган, Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты. Қазыбек би ауданында барлығы 436 көше бар. Оның 115-і жарықпен қамтылған. Қалғанының көп бөлігі кеш батысымен қараңғылық жамылатын жеке секторда. Өткен жылы көшелерде, аула аумақтарында, сондай-ақ, қоғамдық орындарда жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша барлығы — 569 аула аумағы, оның ішінде 311-і қараңғы түсісімен жарықпен қамтылды. Бұл жалпы санның 55 пайызы.

— Келер жылға қандай жоспарларыңыз бар?

— Келесі жылдың ең ауқымды жобасы – жаңа саябақ салу. Тәттімбет көшесінен Республика даңғылына дейін, Сарыарқа көшесінің бойында саябақ салынады. Мердігер компания анықталған соң, көктемде дайындық жұмыстары басталады. Ал, аула-аумақты абаттандыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіле беретін болады. Өткен жылы пандемия кесірініен, бөлінген қаражат аз болып, жұмыстар да нәтижесіз болды.

— Сұхбатыңызға көп рақмет!

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА.