Қарағанды облысында «Таза қала – таза өңір» экоакциясы өтті

Қарағанды облысында Дүниежүзілік тазалық күніне арналған ауқымды экологиялық акцияға 17 мыңнан астам тұрғын қатысты. Бір күндік сенбіліктің нәтижесінде 20 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, оның басым бөлігі қайта өңдеуге жіберілді. Сенбіліктер өңірдің барлық қалалары мен аудандарында ұйымдастырылды.

Экоакцияға Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттері де белсене атсалысып, оқу орны маңындағы жасыл белдеуді тазартты. Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, қалдықтарды түріне қарай сұрыптады: пластик, шыны және қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтар бөлек жиналды. Ұйымдастырушылар мұндай тәжірибе жастардың тұрмыстық қалдықтарға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыратынын айтады.

— Акция аясында рұқсатсыз қоқыс орындарын жою, саябақтар мен демалыс аймақтарын тазалау жүргізілуде. Қуантатыны, еріктілер қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл – экологиялық мәселелерді шешуге қоғамның шынайы бейілділігінің көрсеткіші, – деді Қарағанды облысы Экология департаменті бөлімінің міндетін атқарушы Темірлан Төлеутай.

Студенттер де экологиялық тәрбие берудің маңызын атап өтті.

— Біз әлеуметтік жұмыс факультетінде оқимыз, дегенмен экология мәселелері де біз үшін өзекті. Бүгін қала тұрғындарымен бірге сенбілікке қатысып, Қарағандыны таза әрі көрікті етуге үлес қостық, – дейді студент Жансая Қазбекова.

Тазалық күні Қарқаралы ұлттық табиғи паркінде де өткізілді. Мұнда жастар орманды алқапты қоқыстан тазартты. «Таза Қазақстан» акциясы мен Дүниежүзілік тазалық күні аясында басталған экологиялық шаралар бүгін Қарағанды облысының барлық өңірінде жалғасып жатыр.

Экобастаманың мақсаты – қоғамдық аумақтарды тазарту, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру. Тазалық жұмыстарына еріктілер, студенттер және түрлі ұйымдардың қызметкерлері белсенді қатысуда. Акцияны Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Экология департаменті ұйымдастырды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»