Бюджетке түзетулер енгізілді

  Қарағанды облыстық мәслихатының 28-ші кезектен тыс сессиясы өтті. Жиналыста облыс бюджетін толықтыру және оған өзгерістер енгізу мәселелері талқыланып, нақты шешімдер қабылданды. Бұл шара өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатындағы маңызды қаржылық бастамаларды іске асыруға бағытталған.

Облыс бюджетіне енгізілген өзгерістер негізінен экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталды. Шығыстардың басым бөлігі – яғни 90,5 пайызы – су, жылу және газбен қамтамасыз етуге қатысты инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсалмақ. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар мен жол-көлік жүйесін жетілдіруге де елеулі қаражат бөлінді.

— Күн тәртібіндегі мәселе бірлескен отырыста жан-жақты қаралды. Талқылау барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды, және олардың барлығы шешім жобасына ескеріліп, енгізілді, –деді Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов.

Бюджетті нақтылау барысында әлеуметтік салаға да айрықша көңіл бөлінді. Бөлінген қаражаттың 4,2 пайызы әлеуметтік нысандарды жөндеуге және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады. Бұл қаржы білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және ішкі саясат салаларындағы мекемелердің жұмысын жақсартуға жұмсалмақ. Сонымен қатар, ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметіне 2,8 пайыз көлемінде қаржы қарастырылған.

— Нақтыланған облыстық бюджет жобасында ҚР Үкіметінің қаулысын іске асыру мақсатында бюджет қаражатын оңтайландыру шаралары қарастырылды. Оңтайландырылған қаражат облыстық деңгейде жинақталып, нақты қажеттіліктерге қайта бағытталды. Құрметті депутаттар, 2025–2027 жылдарға арналған нақтыланған облыстық бюджеттің енгізілген жобасын қолдап, бекітуді сұраймыз, -дейді Қарағанды облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.

Қарағанды облыстық мәслихатында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілетін өзгерістер қаралды. Бұл бастама өңір тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Жаңашылдықты депутаттар бірауыздан қолдап, тиісті шешім қабылдады.

— 41-ші бюджеттік бағдарлама аясында жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосымша қолдау көрсетіледі. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің №75 бұйрығымен бекітілген тізімге кірмейтін, сирек әрі күрделі ауруларға шалдыққан науқастарды, соның ішінде қымбат дәрі-дәрмектерге мұқтаж азаматтарды қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған науқастардың нақты тізімі облыстық мәслихаттың шешімімен бекітіледі. Биыл осы мақсатқа 205 адамды қамту үшін 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді, – деп атап өтті Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаев.

Бюджетті нақтылау аясында қаржының тиімді жұмсалуына басымдық берілді. Нәтижесінде қосымша 3,9 миллиард теңге көлемінде қаражатты оңтайландыру жоспарланып отыр. Бұл қаражат өзекті бағыттарға қайта бөлінетін болады.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»