«Ұлт қазынасы» жобасы іске қосылды

Қарағанды облысында ауыл жастарына арналған жаңа мүмкіндік пайда болды. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастамасымен және Халық банктің қолдауымен «Ұлт қазынасы» жобасы өз жұмысын бастады. Жоба 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың кәсіби, әлеуметтік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, бастама ауылдағы дарынды әрі белсенді жастарға өз идеяларын жүзеге асыруға жол ашады. «Жоба аясында қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, алғашқы қадамдарын нық басуына мүмкіндік беріледі», – дейді жоба үйлестірушісі Айсұлу Ерниязова.

Оның сөзінше, жобаның басты бағыттары – ауылдық жерлердегі қабілетті жастарды анықтап, білім деңгейі мен кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, аға буын мен жас ұрпақ арасында тәлімгерлік дәстүрін қалыптастыру, сондай-ақ талантты ауыл жастары үшін әлеуметтік лифт құру. Бұған қоса, аймақ экономикасының сұранысына сай түрлі салада үздік мамандар мен кәсіпқойлардан құралған Менторлық мектебі дамытылады. «Бұл мектепке жыл сайын менторлар арнайы іріктеуден өткізіліп алынады. Жастардың жеке бастамалары мен жобаларын қолдауға ерекше назар аударылады. Ең бастысы – ауыл жастарының қоғамдағы оң бейнесін қалыптастыру арқылы олардың белсенділігін кеңінен таныту көзделіп отыр», – деді Айсұлу Ерниязова.

Жобаның маңызды бөлігі – менторлық. Жауапты тәлімгерлерді іріктеу онлайн дауыс беру арқылы жүзеге асады. Жастар өздері таңдаған үміткерге «Сарыарқа жастары» сайты арқылы дауыс беріп, тәлімгерін анықтауға тікелей қатыса алады. Іріктелген менторлардан құралған Менторлық мектебі әр саладағы үздік мамандардың тәжірибесін ауыл жастарына жеткізуді көздейді. Менторлар кемінде үш шәкірт таңдап, бір ай бойы «Өз ісіңді тауып, табысты болу» тақырыбында бағыт-бағдар береді.

«Қандай да бір идея немесе бастама болсын — біз оны бөліп-жармаймыз. Егер жастардың өз саласына қатысты нақты ұсыныстары болып, оны соңына дейін жүзеге асыруға ниеті болса, біз қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл мәдениет, білім беру, ғылым немесе спорт секілді кез келген сала болуы мүмкін — маңыздысы, жастың ынтасы мен мақсатқа деген ұмтылысы», – дейді «AZMAR» Premium мектебінің директоры Жәнібек Жартай.

«Ұлт қазынасы» жобасы – ауыл жастары үшін тың серпін мен жаңа мүмкіндіктер алаңы. Ол жас буынның кәсіби дамуына жол ашып, болашаққа деген сенімін нығайтуды көздейді. Ұйымдастырушылар жобаның алғашқы нәтижелері оң бағаланса, жастармен бірлесіп жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін айтады.

 

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»