Тұрғынүй бағасы неге қымбат?
Баспана бағасы қымбаттады. Тағы да қымбаттайды. Себебі қандай? Бүгінде қоғамда жиі талқыланып жүрген, тіпті басты мәселеге айналған үй бағасының қымбаттауына түрлі себеп айтылуда. Пандемияның әсері, зейнетақы жинағының бір бөлігінің беріле бастауы және тағы басқа себептер аз емес. Алдағы баға жайына болжам жасамас бұрын өткен жылы тұрғынүй нарығында бағаның қалай құбылғанына тоқталып көрейік.
Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 2020 жылдың желтоқсан айында 307,6 мың теңгені құрап, 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,4 процентке, ал абаттандырылған үйдің 1 шаршы метрі 228,2 мың теңге болып, 20,1 процентке өскен. Сарапшылар үй бағасының өсуіне зейнетақы жинағының бір бөлігін азаматтардың алуына мүмкіндік жасауынан деген алып-қашпа пікірлердің тіпті қатысы жоқ екенін айтады. Себебі баспана бағасы өткен жылдың желтоқсанында едәуір өсе түскен.
Қарағандыда да пәтер сатып алу қиын: бағалар қымбат, ал тұрғынүй сапасы жаңа құрылыстарда да күмән тудырады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да күшті. Жас мамандарға пәтерлер беріледі, аймақтағы құрылыс қарқыны жоғары, бірақ бағасы еш төмендемейді. Осы мәселе жайлы қарағандылық журналистерге облыс әкімі Жеңіс Қасымбек айтып берді.
— Өткен жылы Қазақстанда жаңа жылжымайтын мүліктің орташа құны бір шаршы метр үшін 307 600 теңгені, ал екінші деңгейлі үйлер үшін – 228 218 теңгені құрады. Тұрғынүй бағасы зейнетақы жинақтарын пәтер сатып алуға пайдалану мүмкіндігі туралы ақпарат аясында белсенді түрде қымбаттай бастады.
Тұрғынүй құрылысының қарқыны қазір өте жоғары. Егер, өткен жылы облыста 450 мың шаршы метр тапсырылса, биыл бұл сан 600- 700 мыңға жетеді. Сұраныс артып келеді, — деп түсіндірді Жеңіс Махмұдұлы.
— Бірақ, Қарағандыда үлкен кейінге қалдырылған мәселе бар. Яғни, ұсыныс сұраныстан аз, сондықтан бағаның белгілі бір алыпсатарлық құраушысы бар. Тұрғынүй бағасының мәселесін шешумен айналысып жатырмыз, — деді облыс әкімі.
– Қазір тұрғынүйге байланысты орташа баға бір шаршы метр үшін 320-280 мың, әлеуметтік тұрғынүй 180 мың теңгемен шектелген. Мысалы, елордада ол 30-40 пайызға жоғары. Қазір құрылыс материалдарының бағасы, әсіресе металдар қымбаттағанын түсінуіміз керек. Сонымен қатар, ұсыныс сұранысты қанағаттандыруы керек – адамдарға қанша қажет болса, сонша салу керек. Бағаны төмендету үшін құрылыс материалдарының құнын барынша азайту керек. Сондай-ақ, биылғы жылы жылжымайтын мүлік бойынша мәмілелер 2,5 есеге артты, яғни, шын мәнінде адамдар тұрғынүй сатып алуды күтуде және бұл оған сұраныстың бар екенін тағы да растайды.
Ал, экономист Нұрлан Хошановтың айтуынша баға әлі де өседі:
– Меніңше, тұрғынүй бағасы әлі де 10-15 пайызға қымбаттауы мүмкін. Оның 10 проценті инфляцияға байланысты болса, 5 проценті зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін тұрғындарға беруге байланысты. Оның үстіне пандемия әсерінен инфляция деңгейі басқа жылдарға қарағанда жоғары болып тұр. Бүгінде халықтың табысы мен шығыны сәйкес келмейді. Қарапайым мысал, Қарағанды қаласында пәтердің шаршы метрі 180 мың теңге деп алайық. Сонда 60 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтер 10 млн 800 мың теңге болады. Осы бағадағы пәтерді алу үшін айына 120-130 мың теңге жалақы алатын азамат ішпейжемей 7 жыл жинауына тура келеді. Ал, жинады делік. 7 жылда инфляция қалай өзгереді? Жинаған ақшасына пәтер ала алады ма? Мәселе осында. Баға тұрақтылығын сақтау үшін ел экономикасын нығайту керек. Өндіріс орындарын ашып, өзімізде өндірілетін өнімнің үлесі көп болу қажет.
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, бір баспанаға қол жеткізсем деген арманы асқақ, жалақысы төмен отбасылардың жылдар бойы жинаған қаржысын инфляция жеп қоймау керек. Сайып келгенде экономистердің пікірі осы түйінде тоғысады.
Президент тапсырмасы, жаңа комитеттің құрылуы, экономистердің жан-жақты талдауы мен ұсынысы тұрғынүй нарығында бағаның тұрақталуына әсерін тигізеді деп ойлаймыз.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»