Жасанды интеллект дәуіріндегі ұлттық даму
2025 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында еліміздің дамуындағы жаңа кезеңге – жасанды интеллект пен терең цифрлық трансформация дәуіріне аяқ басқанымызды ресми түрде мәлімдеді. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты бұл Жолдау – тек технологиялық бағдарлама емес, ол – тарихи жауапкершілік пен ұлттық болмысты сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам басудың стратегиялық құжаты.
Президент Жолдауында айтылғандай, Қазақстанның алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – цифрлық теңсіздікті жою, мемлекеттік басқару жүйесін толық цифрландыру, сондай-ақ жасанды интеллект (AI) технологияларын экономика мен әлеуметтік салаларға терең ендіру. Бұл тұрғыдан алғанда, Жолдаудың басты ерекшелігі – технологияны тек құрал ретінде емес, ұлттың тарихи дамуын жаңаша арнаға бұратын өркениеттік кезең ретінде қарастыруында. Бүгінгі таңда жасанды интеллект тек өндіріс пен бизнесте ғана емес, білім беру, медицина, ауылшаруашылығы сияқты халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты салаларда қолданылып отыр.
Президенттің бұл салаға ерекше тоқталуы – технологиялық серпілістің стратегиялық мәнін ұғынған көшбасшының көрегендігінің белгісі. Жасанды интеллект дәуірінде ұлттық тарих пен руханият та жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келуде. Цифрлық кеңістікте фейк ақпараттар мен тарихи бұрмалаушылықтар белең алып жатқан қазіргі заманда, ұлттық тарихымыздың ғылыми негізде жазылуы мен цифрлы түрде халыққа қолжетімді болуы ерекше маңызға ие. Президенттің тарихи жадыны жаңғырту және оны жаңа форматта ұсыну туралы бастамалары – бұл Қазақстан тарихын тек өткеннің көрінісі емес, болашаққа бағдар беретін темірқазық ретінде қараудың көрінісі.
Еліміздегі архив материалдарын цифрландыру, тарихи мұрағаттарға еркін қолжетімділік, сондай-ақ отандық ғылыми контентті цифрлы платформаларда дамыту – мұның барлығы ел азаматтарының тарихи сана-сезімін арттыруға бағытталған кешенді қадамдар. Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – білім беру саласындағы цифрлық трансформация. Бұл әсіресе жасанды интеллект пен Big Data құралдарын пайдалана отырып, студенттердің жеке білім траекторияларын құруға, цифрлық дағдыларды ерте жастан қалыптастыруға жол ашады.
Бұл жерде тарихшы-ғалымдар мен ұстаздардың да жауапкершілігі артады – тарихи білім беру тек фактілерді жаттатудан емес, цифрлық құралдар арқылы тарихи ойлауды қалыптастырудан тұруы тиіс. Қазақстан халқы Ассамблеясының цифрлы дәуірдегі рөлі де ерекше. ҚХА – бұл тек этносаралық келісімнің сақшысы емес, сонымен қатар цифрлық ақпарат кеңістігінде бірлік пен келісім құндылықтарын дәріптейтін институтқа айналуы тиіс.
Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік әділеттілік, инклюзивтілік және біртұтас азаматтық қоғам құру мәселелері – Ассамблея қызметінің жаңа мазмұнмен толығуына жол ашады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауы – бұл еліміздің жаңа тарихи белеске өтуінің бастамасы. Жасанды интеллект дәуіріне бейімделу – тек технологиялық таңдау емес, бұл – тарихи қажеттілік. Ал бұл жолда білімді, ұлттық санасы сергек, цифрлық сауатты азаматтарды тәрбиелеу – ғылым мен білім саласының, оның ішінде біз, тарихшылардың да тікелей міндеті. Тарих бізге әр кезеңде дұрыс таңдау жасауды үйретеді. Ендеше, болашақ ұрпақ алдында жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, Президент айқындаған бағытта біріге еңбек ету – әрбір саналы азаматтың тарихи миссиясы деп білемін.
Салават Қамшыбайұлы КЕНТБЕК,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті
Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасы