Қарағанды – Қазақстанның индустриалды жүрегі

Қарағанды облысы – сенімді экономикалық өсіммен ерекшеленіп отырған аймақтардың бірі. Өңірде жаңа зауыттар іске қосылып, бірегей жобалар жүзеге асырылуда. Мыңдаған жаңа жұмыс орнының ашылуы облысты елдің индустриалды даму орталығына айналдырып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиынында Қарағанды өнеркәсібінің қарқынды дамуы жан-жақты талқыланды.

Қарағанды облысы – еліміздің ірі индустриялық аймақтарының бірі. Өңір Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінде маңызды орынға ие болып, экономикаға зор үлес қосып келеді. Бүгінде мұнда еліміздегі барлық кокстелетін көмір, түсті және бағалы металдардың елеулі бөлігі өндіріледі. Жалпы, өнеркәсіп секторы Қарағанды облысы экономикасының 40 пайыздан астамын қамтып отыр. Бұл өңірдің еліміздің өндірістік дамуында стратегиялық рөл атқаратынын дәлелдейді.

– Қарағанды облысы өнеркәсіптік даму бойынша ел экономикасының алдыңғы қатарында. Алдағы бес жыл ішінде өңірге 1,6 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Бұл ауқымды қаражат өнеркәсіптік инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңа өндірістерді іске қосуға және жалпы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталады. Нәтижесінде жыл сайынғы өндірістік көрсеткіштер 5 миллион тонна болат пен темір кені концентратына дейін ұлғаяды. Сонымен қатар, 2028 жылға қарай көмір өндіру көлемі 9 миллион тоннаға дейін жеткізіледі деп күтілуде. 2025 жылдың өзінде облыс экономикасына 358 миллиард теңге көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде бірқатар ірі өндірістік жоба іске асырылды. Атап айтқанда, №2 және №4 домна пештеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыс пештердің өнімділігін арттырып, қауіпсіздік деңгейін күшейтуге сеп болды. Бұдан бөлек, екі конвертердің корпусы толықтай ауыстырылып, №8 ауа жылытқышы іске қосылды. Жүргізілген жаңғырту шаралары аймақтың металлургия және көмір өндірісі салаларын заманауи деңгейге көтеріп, өндіріс тиімділігін арттыруға және экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған. Бұл жұмыстар облыстың өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттырады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Қарағанды облысында дәстүрлі ауыр өнеркәсіппен қатар, өңдеуші сектор да серпінді дамып келеді. Машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру салаларында белсенді өсім байқалады. Өңірде бірқатар заманауи кәсіпорын іске қосылып, өндірістің жаңа бағыттары жолға қойылуда. Мәселен ыстық мырыштау зауыты пайдалануға беріліп, Samsung маркалы теледидарлар мен кір жуғыш машиналар өндірісі басталды. Алдағы уақытта қуаты 150 мегаватт болатын жел электр станцияларын, болат құбырлар мен алюминий радиаторларын шығаратын жаңа өндіріс орындары іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл бастамалар аймақтың индустриялық әлеуетін кеңейтіп, экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды қадамдар болып отыр.

– 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жоспар аясында Қарағанды облысында жаңа өндірістік жобаларды іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымдық және техникалық база кезең-кезеңімен дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта бірқатар жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті. Атап айтқанда, HOWO жүк машиналарын құрастыру өндірісін жолға қою, жылу оқшаулағыш материалдар шығару, сондай-ақ клинкер плиткаларын өндіру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әртараптандырылуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастамалар Қарағанды облысының инвестициялық тартымдылығын одан әрі күшейтіп, 2030 жылға дейінгі тұрақты экономикалық өсімнің берік іргетасын қалайды, – деп атап өтті Әлібек Әлденей.

Қарағанды облысында өнеркәсіптік әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Болашақта жаңа зауыттар салу және минералды-шикізат базасын кеңейту жоспарланған. Бұл бастамалар өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған. Инвестицияларды тиімді әрі жедел тарту, сондай-ақ жаңа өндірістерді іске қосу мақсатында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы белсенді жұмыс істеп тұр. Ал «Saran» индустриялық аймағы Қарағандының дәстүрлі моносалалық бағытына тәуелділікті азайтып, экономиканың жаңа бағыттарын дамытудың нақты үлгісіне айналды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»