Жастарды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған нақты қадам

Қарағанды қаласының Майқұдық саябағында тұрғындардың қатысуымен «Вейпті тапсыр – денсаулықты таңда!» атты кең ауқымды акцияның қорытынды күні өтті. Шараны Қарағанды облысының прокуратурасы, Қарағанды қаласы Ә.Бөкейхан ауданының прокуратурасы және Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп өткізді. Жиынның басты мақсаты – электронды сигареттердің адам денсаулығына тигізер зиянына қоғам назарын аудару және жастар арасында никотинге тәуелділіктің алдын алу.

Акция барысында қала тұрғындары үш күн бойы қолданылған электронды сигареттер мен олардың бөлшектерін еш кедергісіз, ерікті түрде тапсырып, орнына бағалы сыйлықтарға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ынталандыру шаралары азаматтардың салауатты өмір салтын таңдауға деген ұмтылысын арттырып, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етті.

– Бұл акция – жастар мен жасөспірімдерді никотинге тәуелді болудан қорғауға бағытталған нақты әрі тиімді қадам. Қазіргі таңда вейптердің таралуы – тек медициналық емес, құқықтық тұрғыдан да өзекті мәселе. Біз, құқық қорғау органдары, бұл бағытта кешенді түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Аталған шара – осы жұмыстың бір бөлігі. Қазақстанда кәмелетке толмағандарға вейп сату заңмен қатаң шектелген. Сонымен қатар, жарнамалау мен қоғамдық орындарда пайдалану да шектеуге жатады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл талаптардың сақталмау деректері кездеседі. Сондықтан құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік және қоғам бірлесе отырып, бақылау мен алдын алу шараларын күшейтуі қажет. Бұл акция – бір реттік емес, жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Біз салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған осындай шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып отырамыз. Қоғам болып жұмылсақ қана жастарды зиянды әдеттерден қорғай аламыз, – деді Ә.Бөкейхан ауданы прокуратурасы бөлімінің басшысы Заңғар Рамазан.

Шараға жастармен қатар ата-аналар да белсене атсалысты. Қорытынды күнде қатысушыларға вейптің зияны туралы ақпараттық материалдар таратылып, түрлі танымдық және тәрбиелік шаралар ұйымдастырылды. Акция ұйымдастырушылары вейптің денсаулыққа тигізер залалы темекіден кем емес екенін атап өтті. Электронды сигареттер тыныс алу жолдарын зақымдайды, никотинге тәуелділік қалыптастырады және әсіресе жасөспірімдер ағзасына орасан зор қауіп төндіреді. Жасөспірімдердің миы әлі толық жетілмегендіктен, никотин оның дамуына кері әсерін тигізіп, болашақта психикалық және физикалық денсаулық мәселелеріне әкелуі мүмкін.  «Вейпті тапсыр – денсаулықты таңда!» акциясы – қоғамның зиянды әдеттермен күресте енжар еместігінің айқын көрінісі. Электронды сигареттерге қарсы күресте ең басты құрал – ақпарат, бақылау және қоғамның белсенділігі. Мұндай шаралар жастарды салауатты өмірге баулып, болашақтың дені сау ұрпағын қалыптастыруға жол ашады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»