Қарағанды өсіп келе жатқан қала үшін энергетикалық жүйенің қуатын арттырмақ

Қарағанды облысында қосымша электр және жылу қуаттары құрылуда. ЖЭО-3 базасында жаңа энергия блогының құрылысы басталды.

Өңір орталығы белсенді дамып, жаңа тұрғын үй кешендері, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар салынып жатыр, соған сай энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме жыл сайын артуда. Құрылыстың басталуы уақыт капсуласын салумен белгіленді.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қатысты.

Сондай-ақ Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Ыдырысов пен «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС бас директоры Сабырғали Ыдырысов, сондай-ақ «Қарағанды Энергоорталығы» компаниясының басшылығы болды.

– Бүгін Қарағандыда біз ЖЭО-3-те жаңа энергия блогының құрылысын бастадық. Бұл оқиға тек біздің қаламыз үшін ғана емес, бүкіл облыс үшін ерекше маңызға ие. Алдымызда тұрған жоба өңірдің өнеркәсіптік, әлеуметтік және экономикалық дамуына қуатты серпін береді. Энергоблоктың іске қосылуы Қарағандыны қосымша 140 мегаватт электр энергиясымен және сағатына 180 гигакалория жылумен қамтамасыз етеді. Бұл – тұрақтылық, өнеркәсіп үшін жаңа мүмкіндіктер, бизнес үшін сенімділік және тұрғындар үшін жайлылық. Құрылыс жаңа жұмыс орындарын ашады, мамандарымыздың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді, жергілікті инженерлік мектептің дамуын қолдайды. Ең бастысы, бұл жоба Қарағанды облысының ғана емес, бүкіл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Жобаның құны – 134,6 миллиард теңге. Ол 2028 жылға дейін толық аяқталуы тиіс.

Жаңа қазан агрегаты мен турбогенератор салынады. Бұл 400-ден астам жаңа көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Осылайша қала кеңею мен әрі қарайғы дамуға энергетикалық негіз алады.

– Энергетика нақты қадамдарды талап етеді — инвестиция, жаңғырту және сенімділік. Жаңа энергоблоктың іске қосылуының арқасында 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жоба қаланың ең өзекті мәселелерінің бірі – тұрақты жылу мен электр энергиясымен қамтамасыз етуді шешіп қана қоймай, 55 жаңа жұмыс орнын құрып, өңірдің экономикалық жандануына ықпал етеді, – деп атап өтті «ҚКЖ» компаниялар тобының Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Ыдырысов.

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов министрлік атынан жаңа энергоблоктың құрылысының басталуымен құттықтады.

– Мұндай ірі жобалар қажет: олардың ықпалы тек облыстың ғана емес, елдің де энергетикалық жүйесіне зор әсер етеді. Біз оларды қолдауға дайынбыз, – деді ол.

Жоба Еуразиялық даму банкімен стратегиялық серіктестік аясында жүзеге асуда.

– Еуразиялық даму банкі халықаралық ұйым болып табылады. Соңғы 4 жылда Банктің Қазақстандағы инвестициялық портфелі 5 млрд АҚШ долларын құрады, ал энергетика әрдайым басты назарда болды. Қарағанды ЖЭО-3 кеңейту – ЕАДБ, мемлекеттік құрылымдар мен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі. Бірлесе отырып, біз өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы үшін сенімді негіз қалыптастырамыз, – деп атап өтті ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов.

 

Қарағанды өсіп келе жатқан қала үшін энергетикалық жүйенің қуатын арттырмақ