Ата заң – тұрақтылық пен дамудың тірегі
Қарағанды қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханада «Ата заңға – 30 жыл: жаңа дәуір, жаңа серпін» атты тағылымды кездесу өтті. Шара Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналып, еліміздің басты құжатының маңыздылығы мен оның ел дамуына қосқан үлесі кеңінен талқыланды.
Шара барысында кітапхананың оқу залында «Ата Заң – Кемел келешектің кепілі» атты тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушыларға Конституцияны тереңірек түсіну және құқықтық білімдерін жетілдіру үшін Kahoot платформасында «Конституцияны білесің бе?» атты викторина, сондай-ақ «Бір бап – бір ой» атты заңнамалық жағдаяттар негізіндегі ойындар ұсынылды. Бұл іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталып, олардың заңға деген қызығушылығын оятты.
– Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – біздің негізгі мақсатымыз. Мұнда тек әңгіме ғана емес, түрлі ойындар мен жағдаяттық тапсырмалар арқылы заң шеңберінде ой жүгіртуге мүмкіндік бердік. Сонымен қатар, көрмеде 1993 жылдан бүгінге дейінгі Конституцияның түпнұсқалары да қойылып, қатысушыларға заң тарихын тереңірек тануға жағдай жасалды, – деді Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім басшысы Гүлсая Қадырова.
– Кездесуде мамандар жастардың құқықтық білімінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Олар болашақта заң бұзушылықтардың алдын алу – жастардың құқықтарды дұрыс түсінуімен тікелей байланысты екенін жеткізді. Қазіргі таңда мектептерде «Қоғам және құқық» пәні оқытылып, оқушыларға Конституция негіздері мен өз құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндіріледі, – дейді подполковник, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының заң пәндері кафедрасының аға оқытушысы Перизат Әбілқас.
Мектеп қабырғасынан бастап балаларға «Қоғам және құқық» пәні енгізіліп, оның аясында Конституцияның негізгі бөлімдері түсіндіріледі. Бұл пән арқылы оқушыларға құқықтың не екенін, қандай әрекеттердің заңға қайшы екенін, қандай істердің дұрыс немесе бұрыс екенін ерте жастан санасына сіңіру мақсат етілген. Шараға қатысқан жастар да белсенділік танытып, құқықтық білімнің күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екенін өз сөздерімен жеткізді.
– Бұл шара туралы Instagram желісінен және кітапхананың сайтынан білдім. Маған қызықты болып көрінді, сондықтан қатысуды жөн көрдім. Жалпы менің ойымша әр жасөспірім өз құқықтарын біліп жүруі қажет, өйткені ол кез келген жағдайда өзін өзі қорғай білуі тиіс деп санаймын, – дейді шараға қатысушы Эльзара Леонович.
Шара жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беріп, заңға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»