Экология – ортақ іс
Қарағанды облысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қоршаған ортаны қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Экология департаменті экологиялық рұқсат беру, мемлекеттік сараптама жүргізу, заңсыз қоқыс орындарын жою және халықпен кері байланыс орнату бойынша нақты шаралар қабылдап отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушысы Айман Құлтаева мәлім етті.
Жарты жыл ішінде департамент 274 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша 81 қызмет, I санаттағы нысандарға экологиялық рұқсат беру бойынша 29 қызмет, мемлекеттік экологиялық сараптаманың 20 қорытындысы бар. Қорытындысында 22 жобаның әсері сараптамалық тұрғыдан бағаланып, тиісті шешімдер қабылданды.
– Облыстың ірі кәсіпорындарына табиғат қорғау іс-шараларына биыл 332 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған. Алдын ала деректерге сүйенсек, бірінші жартыжылдықта 1,6 миллиард теңге игерілген. Салыстырар болсақ, 2024 жылы бұл мақсатқа 36 миллиард теңге қарастырылған болатын. Экологиялық төлемдер де аз емес: 2024 жылы – 20,8 миллиард теңге, ал 2025 жылдың алғашқы алты айында – 7,7 миллиард теңге түскен, – деді Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушысы Айман Құлтаева.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдігі 2025-2030 жылдарға арналған экологиялық Жол картасын бекіткен болатын. Құжатта 53 шара қарастырылған. Оның ішінде 25-і жаңа бастама, 21-і «Qarmet» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылуда, тағы 7-і алдыңғы Жол картасынан енгізілген.
Жыл басынан бері 44 тексеру жүргізіліп, 93 заң бұзушылық анықталды. Оның 65-і өрескел жағдайлар. Барлығы 71 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, соның ішінде 99 пайызы ерікті түрде төленді.
Рұқсат етілмеген қоқыс орындарына қатысты да нақты қадамдар жасалды. Жарты жыл ішінде осындай әрекеттерге жол бергені үшін сегіз ауылдық округ әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл сомасы 1,57 миллион теңгені құрады, барлығы өндірілді.
Жағдайды тиімді бақылау үшін ғарыштық түсірілімдер қолданылды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» акционерлік қоғамынан алынған деректер негізінде облыс аумағында заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстары басталды. Нәтижесінде 83 қоқыс орны белгілі болып, оның 50-і жойылды.
– 2025 жылдың алты айында 2 146 сынама алынып, 6 мыңнан астам талдау жүргізілді. Соның ішінде 112 жағдайда нормадан арту фактілері анықталды. Осы негізде кәсіпорындарға 455 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 93 миллион теңгесі өндірілді. 2024 жылдың соңғы тоқсанында және 2025 жылдың алғашқы айларында өндірістік бақылау есептерін тапсырмаған кәсіпорындарға да шара қолданылды. Нәтижесінде 1,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, барлығы толық көлемде өндірілді, – деді Айман Құлтаева.
Қарағанды облысында экологиялық қозғалыс барған сайын белсенді бола түсуде. Жергілікті тұрғындар экологиялық мәселелерді шешуге белсене қатысып, түрлі бастаманы қолдап отыр.
Экология департаменті ашықтықты қамтамасыз ету үшін апта сайын азаматтарды қабылдап, әлеуметтік желілерде тікелей эфир өткізеді. Сондай-ақ «қауырт желі» арқылы тұрғындардан өтініш қабылданып, мәселелер жедел шешілуде.
Облыста 18 экологиялық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олар «Таза Қазақстан», «Таза жағалау», «Таза ауа», «Жер күні», «Өзендер күні» сияқты акцияларға белсене қатысады. Сонымен қатар 19 семинар, 21 дөңгелек үстел, 15 кездесу, 45 тікелей эфир ұйымдастырылды.
Қарағанды облысында экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар біртіндеп нәтижесін беріп келеді. Мемлекеттік бақылау мен қоғамдық белсенділіктің артуы өңірдегі табиғат қорғау ісін жаңа деңгейге көтерді. Алдағы жылдары Жол картасы аясындағы шаралар іске асқанда экологиялық көрсеткіштер одан әрі жақсара түсуі тиіс.
Ералы ҒАНИ,
«QH»