Қарағандыда ескі жылу магистралі жаңартылуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын арттыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қарағанды қаласында кешенді әрі ауқымды жобалар іске асып жатыр. Солардың бірі – 1972 жылы тартылған, қаладағы ең ескі жылу магистралінің қайта жаңғыртылуы.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар магистральдің жаңаруы – тек техникалық шешім ғана емес, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық қадам. Қазір бұл жоба қала орталығында жүргізіліп жатыр. Себебі тұрғындар санының өсуі мен жүктеменің артуы жылу жүйесін жаңартуды уақыт талабы еткен.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында аталған нысандарды аралап, жобалардың жүзеге асырылу барысын бағамдады. Облыс басшысының айтуынша, жаңарту жұмыстары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бұл – жеке инвестиция тарту арқылы коммуналдық жүйелерді жақсартуға бағытталған тиімді механизм.

М-2 магистралін қайта жаңарту аясында 900-ден астам нысан – тұрғын үйлер, әлеуметтік және мәдениет мекемелері, жеке сектор қамтылмақ. Тозығы жеткен құбырлардың орнына диаметрі кеңейтілген, 30 жылға дейін қызмет ету мерзімі бар заманауи оқшауланған құбырлар орнатылуда. Бұл өз кезегінде жылу жоғалтуды азайтып, жүйенің тиімділігін арттырады.

Қазіргі таңда жұмыстар «Ақжолтай» сауда үйі мен №2 сорғы станциясы маңында жүргізілуде. Жыл соңына дейін ұзындығы 450 метр болатын магистраль жаңартылып, пайдалануға берілмек. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы үшін уақытша өткелдер де орнатылған.

Бұдан бөлек, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС инвестициялық бағдарламасы шеңберінде үш ірі жоба жүзеге асып жатыр. Орталық жылу пункттері мен ішкі жылу желілері толық жаңартылып, заманауи сорғы жабдықтары мен автоматтандырылған басқару жүйелері орнатылуда.

Әлихан Бөкейхан ауданындағы Архитектурная, Гвардейская және Лихачев көшелерінде орналасқан тұрғын үйлерге жылу жеткізетін жүйелер де жаңартылып жатыр. Сондай-ақ ОН-3 нүктесінен ТП-1-ге дейінгі ұзындығы 2,2 шақырымнан асатын байланыс магистралі жаңғыртылуда. Бұл жоба Пришахтинск, Сұрыптау және Шахтёрский кенттерінің тұрғындарын сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 13,8 шақырым болатын жылу желісін ауыстыру жоспарланған, бүгінде оның жартысынан астамы орындалды.

Облыс әкімі сапар барысында «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясының құрылыс барысымен де танысты. 2022 жылдан бері салынып жатқан бұл жоба аяқталуға жақын. Қуаты бұрынғысынан 2,5 есе жоғары станция 23 мыңнан астам тұтынушыны, оның ішінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды, сондай-ақ шағын кәсіпорындарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етеді.

– Жылыту маусымына дайындық барысын тексердік. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бұл бізге қысты еш қиындықсыз өткеруге мүмкіндік береді. Жылу жүйелерін жаңғырту ісі жалғаса береді. Әлихан Бөкейхан ауданындағы қосалқы станция құрылысы – бұрыннан қажет шешім, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қарағандыда инфрақұрылым жүйесі жаңарып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артып келеді. Қабылданып жатқан шаралар – әлеуметтік тұрақтылықтың, энергетикалық қауіпсіздіктің және қаланың өркендеуінің кепілі.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»