Қауіпсіздік басты назарда

2025 жылдың басынан бері Қарағанды қаласында көпқабатты үйлердің терезесі мен балконынан балалардың құлауына байланысты 9 қайғылы оқиға тіркелді. Оның екеуі бала өлімімен аяқталған. Қауіпті жағдайлардың үшеуі Қазыбек би ауданында, ал қалған алтауы Әлихан Бөкейхан ауданында орын алған. Ең сорақысы – бұл жағдайлар жыл сайын қайталануда. Мәселен, 2023 және 2024 жылдары да осындай 13 оқиға тіркелген. Сараптама көрсеткендей, терезеден ең жиі құлайтын 1 жастан 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер.

– Жыл сайын біз алдын алу шараларын жүргіземіз. Жадынамалар таратамыз, кездесулер мен акциялар өткіземіз. Бірақ соған қарамастан, ата-аналар терезенің ашық қалуы – бала үшін қауіпті екенін ескермейді. Бұл – шын мәнінде адам өміріне тікелей қауіп төндіретін жағдай, – дейді Қарағанды қаласы ТЖБ аға офицері Сұлтан Зейнуллин.

Бала қауіпсіздігіне төнетін басты қауіптердің бірі терезеде орнатылған торлар. Ата-аналар оны қорғаныс құралы ретінде қабылдауы мүмкін, алайда бұл торлар тек жәндіктерден қорғайды. Ал бала сүйеніп қалса, тор баланың салмағына шыдамай, бірге құлап кетуі мүмкін. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі де дәл осындай себептерден орын алуда.

Осы мәселелерді ескере отырып, Қарағанды қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы бірқатар нақты шаралар қабылдады. Жыл басынан бері басқарма тарапынан 35 көпбалалы және аз қамтылған отбасының пәтерлеріне қауіпсіз торлар орнатылды. Сонымен қатар «Ашық терезе – бала үшін қауіпті» деген ұранмен 4 000 дана жадынама дайындалып, көпқабатты үйлердің кіреберістеріне ілінді. Екі бейнеролик түсіріліп, қаланың үлкен көшелеріне баннерлер орналастырылды.

– Біз тек ескертіп қана қоймай, нақты әрекет етудеміз. Қауіпсіздік торлары қарапайым, бірақ өте тиімді шешім. Бұл құрылғы терезенің тек бірнеше сантиметрге ғана ашылуына мүмкіндік береді. Яғни, бала үшін ешқандай қауіп туындамайды, – деді Сұлтан Зейнуллин.

Бұдан бөлек, жазғы демалыс маусымында «Қауіпсіз жаз» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылып, мектеп жанындағы лагерьлерде арнайы нұсқаулық сабақтар өткізілді. Қаланың сауда орындары, базарлар, теміржол және автовокзалдар, саябақтар мен университеттерде рейдтік шаралар өтті. Бұл жұмыстарға еріктілер мен полиция қызметкерлері де жұмылдырылды. Балалардың үй жағдайындағы қауіпсіздігін түсіндіру мақсатында мобильді кешен арқылы дыбыстық хабарламалар таратылды.

Жыл басынан бері өткізілген түсіндіру жұмыстары 7 400 адамды қамтыды. Радио мен дауыс зорайтқыш арқылы 101 рет үндеу жасалса, теледидарда 4 рет сұхбат, баспасөз бетінде 3 мақала жарық көрді. Әлеуметтік желілерде 14 пост жарияланып, балалар қауіпсіздігі бойынша 32 интерактивті сабақ өткізілді.

– Баланың амандығы бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігі. Терезе қауіпсіздігі күрделі инженерлік шешімді қажет етпейді. Бұл әр отбасы орындай алатын қарапайым сақтық шаралары. Терезе тұсына жиһаз қоймау, баланы қараусыз қалдырмау, және ең бастысы арнайы бекіткіш орнату. Осы арқылы біз көптеген қайғылы оқиғаның алдын ала аламыз, – деді Сұлтан Зейнуллин.

Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда пластикалық терезелердің стандарттарына қауіпсіздік бекіткіштерін орнату міндетті емес. Бұл құрылғылар болмағандықтан, көптеген терезе толықтай ашылады да, бала үшін ашық қауіп көзіне айналады. Сондықтан да мамандар мұндай бекіткіштерді әр отбасының өз еркімен орнатуын ұсынады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»