Үміт пен сенім мекені

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еліміздің әр өңірінде игі істер қолға алынуда. Соның бірі Қарағанды қаласында жаңа форматтағы «Бізбен бірге бол» атты интеграциялық орталықтың ашылуы. Бұл мекеме ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік, мәдени және еңбек бағыты бойынша қолдау көрсетіп, оларды қоғаммен жақындастыруды көздейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін көмекті үнемдеуге болмайды. Бұл – біздің азаматтық борышымыз әрі қоғам алдындағы парызымыз», – деген еді.

Президенттің осы пікірі бүгінде нақты әрекетке айналып жатыр десек болады.

Аталған орталық 16 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастамасымен ашылған.

Бір айдың ішінде-ақ орталық жақсы нәтиже көрсете бастады.

Орталық үш бағытта жұмыс істейді:

  1. Еңбек бағыты. Қатысушылар мұнда аспаздық негіздерін үйреніп, қамыр илеп, жартылай фабрикаттар жасауды меңгереді. Сонымен қатар тоқыма, кесте тігу сынды қолөнерге баулиды. Бұл еңбек дағдыларын дамытудың тиімді тәсілі.
  2. Әлеуметтік-мәдени бағыт. Спорт пен өнер арқылы тұлғалық дамуға басымдық беріледі. Би, инклюзивті театр, жалпы дене шынықтыру жаттығулары секілді бағдарламалар қарастырылған.
  3. Кеңес беру қызметі. Қатысушылар заңгер, психолог және әлеуметтік мамандардан тегін кеңес ала алады.

Интеграциялық орталық Әлихан Бөкейхан ауданындағы Магниторск көшесі, 2-үйде орналасқан. Бұл аймақ тегіннен-тегін таңдалмаған. Маңайда балалар үйі, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған мекемелер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін орталықтар бар. Қазірдің өзінде орталыққа отызға жуық адам келіп, тұрақты қатыса бастаған.

– Бұл жоба ерекше жандарды қоғамға бейімдеудің жаңа үлгісі. Бізде 11 маман жұмыс істейді. Олардың ішінде бесі – мүгедектігі бар жандар, екеуі – зейнет жасындағы адамдар. Мен өзім де ерекше баланың анасымын. Сондықтан бұл орталықтың жұмысын жан-тәніммен сезінемін. Өзіміз секілді ата-аналармен бірге бір-бірімізге тірек болуға тырысамыз, – дейді интерграциялық орталықтың жетекшісі Әсел Бекбаева.

Ғимарат 200 шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда түрлі бағытқа арналған кабинеттер бар: компьютерлік сауаттылық, сәндік-қолданбалы өнер, кофе дайындау, дамыту ойындарына арналған бөлмелер т.б. Бұл жобаның үлгісі Ресей, Германия және Франция тәжірибесіне сүйеніп жасалған. Егер бұл модель сәтті дәлелденсе, алдағы уақытта республиканың өзге қалаларында да жүзеге аспақ.

– Мен заң саласында көп жылдан бері жұмыс істеймін. Қазір осындағы жастарға құжат жүргізу, құқықтық сауаттылық бойынша бағыт-бағдар беремін. Әрқайсысының қабілеті мен мінезі әртүрлі. Кейде жұмысқа келіп, олардың жылы қабылдағанын көріп, өзің де бір сәтке бәрін ұмытып, қуат аласың, – дйді орталықтың заңгері Нұржан Жалбыров.

Ата-аналар да бұл жобаны жылы қабылдауда. Солардың бірі орталықтың маманы әрі ерекше баланың анасы Меруерт Қарманова.

– Баламның жасы 15-те. Диагнозы – аутизм. Бұрын болашағына алаңдайтын едік. Қазір сенім пайда болды. Бұл орталық біз үшін үлкен мүмкіндік. Мұндағы мамандардың қамқорлығымен балаларымыз қоғамда өз орнын табады деген үміттеміз, – деді ол.

«Бізбен бірге бол» орталығы – жай ғана әлеуметтік қызмет көрсету орны емес, ерекше жандарға үміт сыйлайтын мекен. Осындай бастамалар көптеп қолға алынса, қоғамымыздың жылуы да, мейірімі де арта түсетіні анық.

Ералы ҒАНИ,

«QH»