Қарағандыдағы экологиялық тәртіп: заңсыз қоқыс үйінділері жойылып жатыр
Қарағанды облысында тұрмыстық қалдықтарды бейберекет төгу – шешімін таппай келе жатқан экологиялық мәселелердің бірі. Бұл түйткілге тосқауыл қою мақсатында өңірлік экология департаменті кешенді жұмыстар атқаруда. Жүргізілген рейдтердің нәтижесінде 50-ден астам рұқсатсыз қоқыс орны анықталып, жауапты тұлғаларға шара қолданылды.
Қарағанды облысында экологиялық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Рұқсатсыз төгілген тұрмыстық қалдықтарды жою бағытында экология департаменті заманауи тәсілдерді – соның ішінде ғарыштық түсірілімдер арқылы мониторинг жүргізуді қолға алған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға ақпарат тұрақты түрде жеткізіліп отыр.
– Қарағанды облысы бойынша экология департаментімен, Ә.Бөкейхан атындағы әкімдікпен, ПД рейд шаралары ұйымдастырылуда. Облыста 50-ден астам қоқыс үйіндісі анықталған. Соларды жою бойынша жұмыстар жалғасуда. Анықтау кезінде космомониторинг жүргізілетін, оның снимоктары әлі шыққан жоқ. Сондықтан рейд шараларын жүргізіп, өзіміз департамент мамандары сол үйінділерді анықтаудамыз, – деді Қарағанды облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Әділет Қоянбаев.
Қарағанды облысында рұқсатсыз қоқыс үйінділерімен күрес тек рейдтік шаралармен шектелмейді. Мамандардың айтуынша, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жаңа көзқарас пен тиімді механизмдер қажет. Бұл бастама – өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындар өміріне қолайлы орта қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ.
– Аптасына бір рет рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізіледі. Қазіргі таңда біз 35-маршрут ауданына қарасты аумақта орналасқан рұқсатсыз қоқыс үйіндісін бақылап отырмыз. Жер кадастры арқылы жер пайдаланушы анықталды. Қазіргі уақытта біз абаттандыру ережелерінің талаптарын бұзу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – дейді Ә.Бөкейхан ауданы әкімдігінің бас инспекторы Азат Мұхаметжанов.
Экология департаменті заңсыз қоқыс төгудің алдын алуға бағытталған шараларын жалғастыра бермек. Мамандар бұл жұмыстар тек табиғатты қорғауға емес, сонымен қатар тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталғанын айтады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»