Ерте темір дәуіріндегі жаңа ескерткіш
Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық саябағында темір дәуірінен қалған тағы бір көне ескерткіш анықталды. Қазба жұмыстарын Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің археологтары жүргізіп жатыр.
Мамандар қорғандардың біріндегі тас үйінді астынан Қорғантас типіндегі жерлеу орнын тапқан. Бұл – аймақта сирек кездесетін көне бейіт түрі.
– Мұндай жерлеу үлгісі облысымызда өте сирек кездеседі. Ең бастысы – бейіт бұзылмаған. Марқұмның жатқан қалпы ерте темір дәуіріне тән. Қазба жұмыстары Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жалғасады. Биыл да, келесі жылы да зерттеу жүргіземіз, – дейді Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.
Талды алқабы – Орталық Қазақстандағы көне қоныстардың бірі. Мұндағы Талды тарихи-археологиялық саябағында темір дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі кезеңдерге жататын 200-ге жуық ескерткіш бар. Солардың бірі – Қаражартас қорымындағы далалық пирамида.
Бұл аймақта археологиялық зерттеулер жыл сайын жүргізіледі. Әр маусым сайын жаңа деректер ашылуда. Ғалымдар биыл қола дәуіріне тән жерлеу орнын тапты. Оның ішінен адам сүйектерімен қатар үш ұсақ малдың бас сүйегі және тот басқан темір заттар табылған. Археологтардың болжауынша, бұл көне қорған біздің дәуірге дейінгі IV-I ғасыр аралығына жатады. Қорытынды нақты зерттеуден кейін белгілі болады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»