Сала ардагеріне тағзым
Шілденің екінші жексенбісі – балық шаруашылығы саласының қызметкерлері үшін ерекше күн. Бұл күні салада тер төккен мамандардың еңбегі еленіп, ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Сол ардагерлердің бірі – өмірінің 40 жылын балық шаруашылығына арнаған еңбек адамы Татьяна Спирина. Оның кәсібіне деген адалдығы мен табандылығы – өскелең ұрпаққа үлгі.
Балық шаруашылығы – төзімділік пен табандылықты талап ететін сала. Осы бір күрделі де қызықты жолда табысқа жету үшін бір ғана мамандықты меңгеру аздық етеді. Нағыз жанкештілік пен шынайы кәсібилік керек. Татьяна Спиринаның еңбек жолы – осы сөздерге дәлел. Қарапайым шабақтан басталған шексіз еңбек, гидробиолог-инженер қызметінен бастап мекеме басшылығына дейінгі сапар – оның табандылығы мен салаға деген адалдығының айғағы.
– Өте қиын кезеңдер болды. Соған қарамастан, мен кәсіпорында директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Біз кәсіпорынның негізгі құрамын сақтап қала алдық. Айта кету керек, сол мамандардың көпшілігі қазір де жұмыс істеп жүр. Мен олармен үнемі хабарласып тұрамын, қарым-қатынасымды үзбеймін, – деді балық шаруашылығы саласының ардагері Татьяна Спирина.
Кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды балық тәлімбағының ардагер маманы – Татьяна Спирина ерекше құрметке ие болды. Мекеме басшылығы мен салалық инспекция өкілдері гүл шоқтары мен алғыс хат табыстап, сала ардагерінің еңбегіне жоғары баға берді. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі еленіп, Татьяна Михайловна «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» атағына лайық деп танылды. Бұл – бір салаға өмірін арнап, оның дамуына үлес қосқан жанға деген ел құрметі.
– Ең бастысы – адал еңбек етіңдер. Табандылық пен еңбекқорлық – кез келген салада табысқа жеткізеді. Ал табиғатпен жұмыс істеу – бұл үлкен жауапкершілік. Төзім мен сүйіспеншілік. Егер мамандығыңды жақсы көрсең, шаршамайсың да, жалықпайсың да. Мен үшін бұл жай жұмыс емес, өмірімнің мәні, – дейді еңбек адамы Татьяна Спирина.
Татьяна Спиринаның тынымсыз тіршілігі мен табанды еңбегі – бүгінгі буынға үлгі. Ал кәсіби мерекеде берілген марапат – маңдай термен келген ерен еңбегінің шынайы бағасы.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»