Қарағанды ақындарының жеңісі – рухани өнердің мерейі

Қарағанды облысы биылғы республикалық командалық айтыста үлкен жеңіске қол жеткізіп, өңір намысын асқақтатты. Екі жылға созылған айтыс марафонының соңғы кезеңі Ақтау қаласында өтті. «Маңғыстау — түркі мәдениетінің төрі» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл дода еліміздің ең үздік айтыскер ақындарын бір сахнаға жинады.

Финалда Қарағанды ақындары Түркістан облысының командасымен тізе қосып, бас жүлдені жеңіп алды. Айтыс өнерін поэзия, музыка және ұлттық дәстүрмен ұштастырған қарағандылықтар мазмұнды сөзімен, сахналық шеберлігімен ерекшеленді.

 

Команданың капитаны, «Арқа» ақындар мектебінің жетекшісі Айтбай Жұмағұлов бұл жеңістің оңайлықпен келмегенін айтады.

– Айтыс біз үшін тек жарыс емес, рухани болмысымызды танытатын үлкен сахна болды. Біз арнайы сахналық костюмдер әзірлеп, әрбір образды мұқият ойластырдық. Туған жердің қуатын сезініп, халықтың қолдауын арқалағаннан кейін сахнада сенімді өнер көрсеттік. Бұл жеңіс Қарағанды аймағында айтыс мектебінің биік деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр, – дейді ол.

Қазылар алқасы қарағандылықтардың сөз саптауындағы нақтылықты, суырыпсалма қабілетін және сахналық үйлесімділігін ерекше бағалады.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жеңімпаз ақындармен кездесіп, олардың бұл жетістігін аймақтың рухани өміріндегі маңызды оқиға деп атап өтті.

– Сіздер ұлы өнердің аманатын арқалап жүрсіздер. Бұл жеңіс жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырады және дәстүрлі мұраны жаңа заман талабына сай жеткізудің жарқын үлгісі. Облыс халқының атынан ризашылығымды білдіремін, – деді әкім.

Алдағы уақытта Қарағанды ақындары Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған республикалық айтысқа дайындықты бастамақ.

Ералы ҒАНИ,

«QH»