Бұғатталған карта: Қарағандыда қоғамдық көліктегі жеңілдіктерге өзгеріс енгізілді

Қарағандыда қоғамдық көлікте жол жүруге берілетін жеңілдіктер тәртібі өзгертілді. Соның нәтижесінде 30 маусымнан бастап бұрынғыдай тегін жүрген кейбір азаматтық санаттар үшін ONAY! карталары автоматты түрде бұғаттала бастады.

Жеңілдіктер күндізгі бөлімде оқитын барлық білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен оқушыларына қатысты болды. Яғни, оқу жылы аяқталған соң, мектеп, лицей және колледж түлектері, сондай-ақ оқуын аяқтаған немесе оқу формасын өзгерткен жоғары оқу орындарының студенттері бұл жеңілдіктен айырылды.

Егер бала келесі оқу жылында мектепте оқуын жалғастыратын болса, онда жеңілдікті ұзарту үшін туу туралы куәлік пен күндізгі бөлімде оқитынын растайтын анықтаманы алып, ONAY! орталығына (Коммунальная көшесі, 3) жүгінуі қажет. Ал колледжге немесе университетке оқуға түсетіндер құжаттарын қыркүйек айында, қабылдау туралы бұйрық шыққаннан кейін тапсыра алады.

Сонымен қатар, 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін қалалық автобустарда тегін жүруге мүмкіндік беретін арнайы ONAY! «Балалар» картасын рәсімдеуге болатынын да еске саламыз.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»