Жұмыспен қамтудың жаңа форматы

Қарағандыда аймақ басшысының қатысуымен өткен брифингте жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Журналистер қойған сұрақтарға жауап берген әкім өңірде азаматтарды еңбекке тарту бағытында қолға алынған бастамаларды атап өтті. Солардың бірі — «JUMYS TAP» жобасы.

Бұл – жай ғана шеберхана емес. Мұнда «JUMYS TAP» жобасы аясында көлік жөндеудің қыр-сырын меңгеріп жатқан жаңа мамандар дайындалуда. Көлік бөлшектерінің тілін тауып, темірден тіршілік жасаймын деген жандардың қарасы қалың. Қысқа мерзімді курстар арқылы жаңа кәсіп иесі атануға мүмкіндік мол.

Осы жобаның арқасында темір тұлпардың құрылымын толық меңгеріп шыққан Абдулла Нұржанов – солардың бірі. 65 жастағы зейнеткер өмір бойы жүргізуші болып еңбек еткен. Енді ол – көлік жөндеудің майталман шеберіне айналып отыр.

«Білімімді толықтырып, қолымнан келсе әрі қарай да еңбек ету – менің мақсатым. Денсаулығым жарап тұрғанда, қол қусырып отыра алмаймын. Қазір, міне, бір айдың ішінде беріліс қорабын толық құрастыруды үйрендім. Бұған дейін жүргізуші болып жұмыс істедім. Жүргізушілік тәжірибем мол. Енді сол біліктілігіме қосымша ретінде жаңа кәсіпті меңгеріп жатырмын. Зейнетақыға қосымша табыс та артық етпейді ғой», – дейді Абдулла Нұржанов.

Жоба аясындағы курстар Қарағанды қаласындағы үш колледжде өтеді. Олар – Техникалық-құрылыс колледжі, Технология және сервис колледжі және Көлік-технологиялық колледжі. Барлық оқу тегін жүргізіледі.

«Курс ұзақтығы – бір ай. Бұл мерзім ішінде қатысушылар негізгі дағдыларды игеріп шығады», – дейді «Өркен» орталығының директоры Құралай Дәрімбаева.

Бүгін автокөлік жөндеу слесарі мамандығы бойынша білім алған 15 тыңдаушы қолдарына диплом алды. Олар енді еңбек нарығына дайын маман ретінде қадам баспақ.

Жоба тек оқыту кезеңімен шектелмейді. Түлектерге жұмысқа орналасу үшін де жан-жақты көмек көрсетіледі.

«Курсты аяқтаған соң да қатысушыларға бағыт-бағдар беріп отырамыз. Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді ескере отырып, тиісті бос орындар мен кадрларды ұсынамыз», – дейді Құралай Дәрімбаева.

Бүгінде жоба аясында 15 адам автокөлік жөндеу ісін меңгеріп шықса, бұған дейін 28 адам шаштараз, 14 адам тігінші, 24 адам электргазымен дәнекерлеуші, 14 адам жиһаз жинақтаушы мамандықтары бойынша оқытылған.

Сондай-ақ, тігінші, флорист, шаштараз, дәнекерлеуші сынды мамандықтарға да тегін оқу мүмкіндігі бар. Қатысу үшін Қарағандыдағы «Алтын Арба» немесе «Әнуар», ал Теміртауда «Одежда» сауда үйлеріндегі тіркеу пункттеріне бару қажет. Байланыс телефоны: +7 701 170 33 76.

Қарағанды облысында еңбекке құлшынысы бар жандарға жаңа мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл бастамалар өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың да бір тірегі болары сөзсіз.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»