Киностарт: Қарағандыда шығармашылық шоғыр жанды
Жуырда Қарағанды өңірінде жас режиссерлер мен актерлердің шығармашылығын дамытуға бағытталған ORTAU шығармашылық орталығы ашылды. Бұл бастама – өңір мәдениеті мен киноиндустриясының дамуына серпін беретін тың қадам. Жаңа орталықтың алғашқы ірі жобасы да көп күттірген жоқ: алдағы күндері «Ізгілік тағдыры» атты толықметражды көркем фильмнің түсірілімі басталмақ.
Жаңа фильм жайлы баспасөз мәслихаты Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында ұйымдастырылды. Жиын барысында шығармашылық топ өкілдері БАҚ жоба туралы кеңірек ақпарат беріп, фильмнің негізгі идеясы мен мақсатын баяндады.
«Ізгілік тағдыры» жобасы белгілі «ARMANFILMS» киностудиясы мен «STARTKINO» шығармашылық ұйымының бірлесуімен жүзеге асырылуда. Бұл – отандық кино саласында өзіндік орны бар кәсіби командалардың тізе қосып, жаңа белесті бағындыруға жасаған ортақ қадамы.
– Бұл өте жақсы бастама деп есептеймін. Алматыдан арнайы он бір кәсіби актер келді. Олардың қатарында елімізге танымал тұлғалар бар. Сондықтан түсірілімнің жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Жалпы, соңғы уақытта киноиндустрия Алматыдан Қарағандыға қарай бет бұра бастағандай. Болашақта еліміздің кино орталығы Қарағанды болады деген үміттемін, – деді актер Жұмағұл Оразов.
Жобаның сценарий авторы, режиссері және продюсері – тәжірибелі кино маманы Арман Әлімжанов. Ол бұған дейін де бірнеше жанрда сәтті жобалар ұсынған, көрермен көңілінен шыққан шығармашылық иесі.
Фильмде жергілікті актерлермен қатар елімізге танымал өнер иелері де өнер көрсетеді. Бұл өз кезегінде өңірлік және республикалық шығармашылық топтар арасындағы байланысты нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
– Кинотуындылардың басым бөлігі Алматыда түсірілетіні белгілі. Сондықтан бұл жолы фильмнің Қарағандыда түсірілетінін естігенде қатты қуандым әрі таңғалдым. Осындай игі істі қолға алып жатқан ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді актриса Маржан Жетпіспаева.
Шығармашылық топ өкілдерінің айтуынша, бұл фильм – тек көркем туынды ғана емес, сонымен қатар өңірлік кино саласының дамуына арналған стратегиялық жоба. Ұйымдастырушылардың үміті зор – алдағы уақытта ORTAU орталығынан жаңа есімдер шығып, ұлттық кино қоржыны тың туындылармен толығады деген сенім бар.
Ералы ҒАНИ,
«QH»