Қауіпсіздік кепілі – жаңарған техника
Қарағанды облысында полиция қызметінің материалдық-техникалық базасы тағы да жаңартылды. Енді тәртіп сақшыларына заманауи қызметтік автокөліктермен қатар мотоциклдер де берілді. Бұл жаңалық патрульдік полиция жұмысының жеделдігін арттырып, олардың әрекет ету аясын кеңейте түспек.
Бұдан бөлек, криминалистерге бұрын-соңды болмаған заманауи мобильді зертханалар тапсырылды. Олар ең соңғы технологиялармен – 3D дроны, георадар, түнгі көру құрылғылары сынды құралдармен толықтай жабдықталған. Бұл жабдықтар тергеу процесін оқиға орнында жедел әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Мысалы, қараңғыда немесе жер астында қылмыстық іздерді анықтау, көзге көрінбейтін саусақ іздерін табу енді әлдеқайда жеңілдеді.
Сонымен қатар, құқық қорғау құрылымдарына барлық қажетті байланыс құралдарымен жабдықталған командалық-штабтық машина да берілді. Жаңа техниканы табыстау рәсімінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту өңірдің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Мысалы, былтырдың өзінде полицияға 200-ден астам автокөлік сатып алынды. Сонымен қатар, учаскелік полиция пункттері де жаңартылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық пен қауіпсіздікті ел тұрақтылығының негізі ретінде үнемі атап өтеді. Біз құқық қорғау саласын әрдайым қолдаймыз, – деді әкім.
Патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Магомед Якубов мотоциклдердің патруль қызметін атқарудағы тиімділігіне ерекше тоқталды.
– Жол кептелісі кезінде шақыртуларға тез жету – біздің басты мақсатымыз. Мотоциклдер бұл тұрғыда өте ыңғайлы әрі тиімді, – деді ол.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Неғмет Исмағұлов құқық қорғау органдарына көрсетілген қамқорлық үшін алғысын білдіріп, бұл қолдаудың қызмет сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Материалдық-техникалық базаның нығаюы – қылмыстың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға жол ашады, – деді департамент басшысы.
Жаңа техника – қауіпсіз қоғамның кепілі. Қарағанды облысындағы бұл қадам – құқық қорғау саласындағы реформалардың нәтижелі әрі дәйекті түрде жүзеге асып жатқанын айғақтайды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»