БАҚ өкілдері марапат төрінде

Бұқаралық ақпарат құралдары мерекесі қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірлік БАҚ өкілдерімен және журналистика ардагерлерімен кездесті. Кездесу барысында ол отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлестері үшін Мемлекет басшысының атынан марапаттар табыстады. Сонымен қатар, жыл сайын өтетін «Алтын Сұңқар» байқауының жеңімпаздары анықталып, оларға сыйлықтар мен естелік мүсіншелер табысталды.

2006 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Алтын Сұңқар» байқауына жыл сайын 100-ден астам үміткер қатысып, бірнеше аталым бойынша үздіктер анықталады. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Жылдың қай мезгілі болмасын, сіздер бізбен қатар қызмет етіп, облыс тұрғындарын ақпаратпен қамтамасыз етесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік. Журналистің басты міндеті – әділетті болу және әділетке үндей білу. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс басшысы.

Байқауға тек Қарағанды өңірінде жұмыс істейтін БАҚ өкілдері қатыса алады. Үміткерлерді анықтау ашық дауыс беру арқылы жүргізіледі. Бұл – журналистер арасындағы өзара құрмет пен қолдаудың жарқын көрінісі.

Мемлекеттік наградалар журналистика саласының екі ардагеріне табысталды. Ардагер Серік Сексенов «Құрмет» орденімен марапатталса, журналистикаға жарты ғасырдан астам уақытын арнаған Аман Жанғожин «Парасат» орденіне ие болды:

– Журналистикада 1974 жылдан бері еңбек етіп келемін. «Орталық Қазақстан» газетінде тілшіден редактордың орынбасарына дейінгі жолдан өттім. Зейнетке шыққаннан кейін де баспасөзбен байланысымды үзген жоқпын. Бұл марапат – еңбегімізге көрсетілген құрметтің белгісі, – деді ардагер журналист Аман Жанғожин.

Биылғы «Алтын Сұңқар–2025» байқауында «Объектив шебері» аталымының жеңімпазы атанған – 5-арнаның операторы Дмитрий Оборок. Ол 18 жылдан бері экран сыртында жүріп, өңір тынысын кадр арқылы жеткізіп келеді. Оның объективінен шыққан жүздеген сюжет –

Қарағанды өмірінің айнасы.

– Теледидарда 18 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде жас операторларды да тәрбиелеуге үлес қостым. Бүгін кәсіби мерекеде тек кадрдағы емес, кадр сыртындағы барлық әріптесімді – операторлар, монтаждаушылар, жүргізушілер мен эфир мамандарын шын жүректен құттықтаймын, – деді Дмитрий Оборок.

Осылайша, кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Алтын Сұңқар» байқауы – журналистер еңбегіне берілген жоғары баға мен шабыт көзі. Мұндай байқаулар шығармашылыққа серпін беріп, жаңа биіктерге жол ашады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»