«ПАТ» фильмі – телефонмен түсірілген туындының триумфы

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының видеографы Асылжан Әділханұлы «Самғау» республикалық фестивалінде өзінің «ПАТ» атты қысқаметражды фильмімен «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алды.

Бұл туынды алғаш рет KARAGANDA MOBILFILM FESTIVAL аясында арнайы түсірілген болатын. Ерекшелігі – фильм толығымен телефон арқылы түсірілген. Жас режиссер үшін бұл үлкен сынақ пен тәжірибе мектебі болды.

Асылжан Әділханұлы кино әлеміне деген құштарлығы мектеп кезінен басталғанын, ал кәсіби білімін 2015 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, 2020 жылы режиссура мамандығын тәмамдағаннан кейін жалғастырғанын айтты. Осы уақыт ішінде ол 30-дан аса клип, 50-ге жуық жарнама, бірнеше сериал мен фильмдердің монтажында жұмыс істеген.

«ПАТ» фильмі – оның үшінші қысқаметражды туындысы, бірақ алғаш рет толықтай телефон камерасымен түсірілген кәсіби жобасы. Фильмде ата-ананың баланың өміріне шектен тыс араласуы, еркін таңдау жасауына мүмкіндік бермеу сияқты өзекті мәселе көтеріледі. Режиссер бұл идеяны шахмат ойыны арқылы астарлап жеткізген.

Жобада кәсіби театр әртістері тегін түрде атсалысқан. Асылжан бұл үшін Сәкен Сейфуллин атындағы театр ұжымына және театр директоры Құрман Өмірбекұлына алғыс білдіреді.

«Бұл жобаны республикалық деңгейде ұйымдастырылған “Самғау” фестиваліне ұсынуым керек екенін Сарыжайлау кинотеатрының директоры Арман Әлімжанов аға айтты. Сол кісінің кеңесімен жібердім. 30 фильмнің ішінен 20-сын іріктеп, шақырды. Ал солардың ішінен менің “ПАТ” фильмім үздік деп танылды. Сарапшылар құрамында кәсіби, тәжірибелі мамандар болғаны мен үшін үлкен мәртебе», – дейді жеңімпаз.

Асылжан Әділханұлының бұл жеңісі – жас режиссерлер үшін үлкен мотивация әрі техникалық мүмкіндіктер шектеулі болса да, идея мен ой тереңдігі ең басты құндылық екенін дәлелдейді.

Ариана Көбенова,

Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның түлегі