Әлеуметтік төлем тағайындауда әділеттілік ізденісі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілін түбегейлі өзгертуді ұсынуда. Бұрынғыдай жәрдемақыны санатқа қарап бөлу емес, нақты мұқтаждыққа негізделген жеке тәсіл енгізіледі. Бұл қалай жүзеге асады? Тілшілеріміз осы сауалға жауап іздеді.
Бастапқыда көпбалалы отбасылар мәселесі талқыланды. Қазір министрлік барлық көпбалалы отбасыларға бірдей жәрдемақы төлеу әділетсіз деп есептейді. Заңда да теңсіздік бар: толық отбасында 4 бала болса көпбалалы саналады, ал жалғызбасты ана 4 баланы жалғыз тәрбиелесе, ол көпбалалы емес. Тек 6-7 баласы бар жалғыз аналар «Күміс» немесе «Алтын алқа» иегері бола алады, сонда ғана жеңілдіктерге қол жеткізеді. Министрлік осы санаттарға бас тартып, жәрдемақыны нақты мұқтаж жандарға тағайындауды көздейді.
Министрлік жанындағы мүмкіндігі шектеулі адамдар мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі Нияз Сүндетәлиев те жеке көзқарас қажеттігін айтады. Министрмен кездесуде ол:
«Біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Барлығы egov пен Мемлекеттік кірістер департаменті арқылы көрінеді. Отбасылар әртүрлі: біреуінде жалғыз баспана болса, енді бірінде 10 үй бар. Сондықтан барлығына бірдей жәрдемақы беру әлеуметтік әділеттілікке сай емес деп ойлаймын. Жәрдемақы мөлшері мен әлеуметтік осал топтарға қатысты жеке тәсілдер қажет. Бұл дұрыс әрі маңызды қадам», — деді ол.
Экономист Марат Абдурахманов бұл өзгерістерді бюджет тапшылығымен байланыстырады. Қазір ол тапшылық 1 триллион теңгеге жетті дейді.
«Қазір адамдарды әлеуметтік мәртебесіне қарап бөле бастады, бұл Қазақстан Конституциясын бұзу. Бұндай жағдайды болдырмау үшін фискалдық бөлініс есебі жасалуы тиіс. Яғни салықты кімнен алу керек және оны қалай бөлу қажет екені анықталуы тиіс. Барлық дамыған елдер дәл осылай өмір сүреді, бірақ біздің экономика министрлігі бұл есептеулерді жасағысы келмейді. Халықтан шексіз салық жинау шешім емес. Егер есеп жасалса, халыққа салынатын салықты азайтып, жер қойнауын пайдаланушылар мен ірі бизнеске салықты арттыру керек екенін көреміз. Олар халықтан әлдеқайда аз салық төлейді», — дейді Марат Абдурахманов.
Қай отбасылардың табысы мен өмір сүру деңгейі есепке алынатыны әзірге белгісіз. Министрлік жаңа әдістемені әлі жариялаған жоқ. Дегенмен, көмектің жаңа тәртібі бойынша меншік иелігіндегі баспана мен көлік, сонымен бірге бір адамға шаққандағы табыс мөлшері 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын отбасылар қаралады.
АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) жобасында отбасылардың шығындары, банк шоттары, несиелері мен депозиттері туралы мәліметтерді жинау көзделген.
Бұл өзгеріс Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесінде әділеттілікті күшейтіп, нақты көмекке мұқтаж азаматтарға жәрдемақыны жеткізуге бағытталған маңызды қадам болып отыр. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға ұмтылған министрлік әрі қарай да жәрдемақы тағайындау жүйесін жетілдіруді жоспарлап отыр.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»