Ақ халатты майдангер – өмір үшін арпалысқан жан

Оқ пен оттың арасындағы қасіретті майданда тек қару ұстаған сарбаздар ғана емес, адам өмірі үшін күрескен ержүрек дәрігерлер де болды. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, әскери дәрігер Қабкен Елікбаев. Жаралы жауынгерге үміт сыйлап, өмір мен өлім арасындағы тартыста талай жанды ажалдан арашалап қалған ақ халатты майдангердің ерлігі – ұрпаққа үлгі. Қанша сарбаздың дертіне шипа болған Қабкен ағаның тағдыры – от кешкен жылдардағы адамгершілік пен жанкештіліктің жарқын көрінісі.

Ұлы Отан соғысының соңғы кезеңінде, 1945 жылдың көктемінде Берлин түбіндегі кескілескен шайқастарда майдангер Қабкен Елікбаев асқан ерлік танытты. Бар болғаны он екі күн ішінде ол 180 жауынгерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, олардың 48-інің өмірін аман сақтап қалды. Бұл — оның жалғыз ерлігі емес. Бұған дейін, 1944 жылы Днепр өзенінің бойындағы қанды қырғында 33 сарбазды оқ пен оттың арасынан аман алып шыққан болатын. Қабкен Елікбаевтың бұл жанкешті әрекеттері – тек әскери міндет қана емес, сонымен қатар адам өмірін сақтау жолындағы нағыз батырлықтың айқын көрінісі.

— Қазақтың тілімен айтқанда ол кісінің еңбегі көп сіңді. Себебі совхоз үлкен, 1-ақ адам дәрігер. Сіздер біле қоймайсыздар, ол кісі – соғыс ардагері. 1921 жылы туған. Соғыс басталғанда дәрігер қызметімен соғысқа барып қаншама адамды емдеген, -деді Социалистік Еңбек Ері Сайлау Біләлов.

Қабкен Елікбаевтың майдандағы жанқиярлық еңбегі ел назарынан тыс қалған жоқ. Ол көрсеткен батырлығы мен адам өмірін сақтау жолындағы табандылығы жоғары марапаттарға лайық деп танылды. Жауынгер-дәрігер І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Соғыстан кейін де ол өз ісіне адалдық танытып, халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастырды. Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында дәрігер болып ұзақ жыл еңбек етіп, бейбіт күннің де қаһарманы атанды. Қабкен Елікбаевтың ерлікке толы өмір жолы – өскелең ұрпаққа өнеге, тарихқа – тағзым.

— Бұл кісі әскери тәртіпті. Кешке 9-да бәрімізді жатқызып тастайтын, таңертең ерте 6-да тұрғызып алатын. Содан кейін тазалықты жақсы көрді. Рыскеш тәтеміз айтып кетті ғой: “Өзіңмен бірге ине мен жібің, сөмкеңде үшкір зат болсын” дейтін,–дейді жиені Қарлығаш Ибраева.

— 30 жылдық болды соғыстың біткеніне. Сонда ол кісі жиналысқа қатысты 9-мамырда. Сонда ол кісіге сағат берді. Мына сағатты көрдім де: “Жақсы сағат екен, құтты болсын!” дедім. Ертеңінде 10 күні маған сыйлады. Бұл сағатқа 50 жыл өтті. Жүріп тұр, механический. Осыны көздің қарашығындай сақтадым Қабкен ағаның сыйлығы, –деді қарындасы Рымкеш Ибраева.

Қабкен Елікбаевтың 1 ұлы, 4 немересі, 7 шөбересі бар. Сол жалғыз тұяқтан тараған ұрпағы оның аманатын ардақтап, есімін ұлықтап келеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»