«Жоғалған дос» театрда

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында Тахауи Ахтановтың «Жоғалған дос» атты психологиялық драмасының премьерасы өтті. Көрерменге жол тартқан қойылым – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған, соғыс пен бейбіт өмір арасындағы адам болмысы мен достықтың шынайы мәнін арқау еткен туынды.

Тахауи Ахтановтың қаламынан туған бұл қойылым — 1945 жылғы Ұлы Отан соғысының зұлмат зардабын, соғыстың адамдар тағдырына түсірген ауыр қасіретін, қайғысын сахна тілімен суреттейді. Қойылымды сахналаған – театрдың көркемдік жетекшісі әрі режиссері Айдын Салбан өз пікірін білдірді.

– Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін сезіндіру, соғыстың не екенін көрсету. Бұл – тек тарихи естелік емес, үлкен өмірлік сабақ, – дейді режиссер Айдын Салбан.

Пьесаның негізгі кейіпкерлері – Маңғас, Мырзаш, Ғалия, Ғайни мен Бабатай – соғыс жылдарының түрлі кезеңін бастан өткерген тағдырлас жандар. Әке махаббатына зәру болып өскен Ғалияның есеюі мен ішкі күйзелісі актриса Сағындықова Әнелінің шынайы орындауында көрермен көңілінен шықты.

– Адам кейде жаспен емес, өмірдің қиын сәттерімен есейеді. Осы образды сахнада көрсету мен үшін оңай болмады, бірақ шын, жүрекпен ойнадым, көрерменнің көңілінен шықтық деп үміттенемін – дейді актриса Әнелі Сағындықова.

Көрермен үшін де бұл драма ерекше әсер қалдырды. Қан кешкен жылдардағы қарапайым халықтың мұң-зарын, жоғалтқан жақындары жоқтаған сағынышын бейнелеген әр көрініс – жүрекке жетіп, көзге жас үйірді.

«Жоғалған дос» – жай ғана қойылым емес, тарихқа тағзым, ұрпақ санасына бейбіт өмірдің мәнін ұялатар көркем дүние. Соғыс туралы естелік арқылы адамгершілік пен достықтың терең мағынасын ұғындырған туынды театр сахнасында жаңаша тыныс алып, көрерменге рухани әсер сыйлады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»