Ақ халаттыларға алғыс
Қарағанды облысының әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Кеншілер мәдениет сарайында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің сыйлығының лауреаттары анықталды. Құрметке дәрігерлер, мейірбикелер және өз саласының үздік мамандары ие болды.
– «Мықты ұлт – бұл ең алдымен дені сау ұлт», – деген Президент сөзін еске салған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев:
– Бүгін біз сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен іске адалдығыңызға алғыс айтамыз. Мемлекет медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдауын қамтамасыз етуге бар күшін салады. Сіздерге және отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді.
Өңір басшысы денсаулық сақтау жүйесінде оң өзгерістердің жалғасып жатқанын атап өтті: соңғы екі жылда 26 жаңа медициналық нысан салынды, тағы 66 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Химиятерапия корпусы іске қосылып, перинаталдық орталық пен университет клиникасы жоспарлануда.
Салтанатты шарада үздік мамандар он номинация бойынша марапатталды. Абай қаласының дәрігері Роза Армиянова «Кәсіпке адалдығы үшін» марапатын иеленді.
– Мен 47 жыл бойы денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды Теміртаудағы жедел жәрдем станциясында бастадым, бірақ көп жылдан бері Абай қаласында дәрігер-зертханашы болып еңбек етемін. Өз мамандығымды өте жақсы көремін. Менің еңбегімді бағалағанына ризамын. Бүгінгі марапат – бірге жұмыс істеген және қазір жұмыс істеп жатқан барлық адамдардың еңбегі, – дейді Роза Армиянова. – Барлық медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтаймын, оларға денсаулық, кәсіби жетістіктер және игі ісімізде шыдамдылық тілеймін!
«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша өткен жылы ауылға 106 жас дәрігер келді. Олардың барлығы көтерме ақыға ие болды, сондай-ақ олардың 40-ы тұрғын үйге бюджеттік несие рәсімдеді.
«Үздік жас дәрігер» атағы жедел жәрдем станциясының дәрігері Әділет Әубәкірге бұйырды.
– Бұл – үлкен жауапкершілік. Алға қарай да аянбай еңбек етемін, – деп қуанышымен бөлісті ол.
2025 жылы Қарағанды облысы әкімінің сыйлығының лауреаттары:
— «Үздік орта медицина қызметкері» – профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көп бейінді аурухананың операциялық мейірбикесі Лизат Қапашева;
— «Үздік жас дәрігер» – Әділет Әубәкір, Қарағанды облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының № 5 қосалқы станциясының дәрігері;
— «Үздік акушер-гинеколог» – Сәуле Аманжолова, Теміртау қаласындағы көп бейінді аурухананың ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы;
— «Үздік жалпы практика дәрігері» – Қарағанды қаласындағы № 3 емхана бөлімінің меңгерушісі Айжан Иманова;
— «Үздік ауыл дәрігері» – Шет аудандық ауруханасының онколог-дәрігері Фарида Рахымжанова;
— «Үздік хирург» – № 1 Қарағанды қаласындағы көп бейінді аурухананың біріктірілген жарақат бөлімінің меңгерушісі Ғалымбек Сайлауұлы;
— «Денсаулық сақтауды үздік ұйымдастырушы» – Арғын Бидайбаев, көпсалалы облыстық балалар ауруханасының директоры;
— «Үздік бизнес-жоба» – «КДЛ ОЛИМП Караганда» ЖШС;
— «Мамандығына адалдығы үшін» – Роза Армиянова, Абай қаласы ауруханасының дәрігер-зертханашысы;
— «Фармацевтикалық қызметтің үздік маманы» – Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Дарья Росовская.
Айта кетейік, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Ал облыс әкімінің денсаулық сақтау қызметкерлеріне арналған сыйлығы 2006 жылдан бері табысталып келеді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»