Қала дамуы мен бюджет тиімділігі — мәслихат назарында
Қарағанды қалалық мәслихатында 2024 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен қалалық бюджеттің орындалу барысы қаралды. Жиын барысында өнеркәсіп, құрылыс және инвестиция тарту бағыттарындағы оң көрсеткіштер атап өтілді. Бұл салалардағы өсім аймақ экономикасының дамып келе жатқанын байқатады. Алайда мәслихат депутаттары оң динамикамен қатар, бюджет кірісіндегі кейбір кемшіліктер мен жоспардың толық орындалмауына да назар аударды. Халық қалаулылары қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуіне қатысты бірқатар ұсыныстар білдіріп, жауапты органдардан нақты шаралар күтетіндерін жеткізді.

Қала экономикасының өсімі байқалады: кіріс те, өндіріс те артқан. Бүгін өткен кезекті қалалық отырыста шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері жария етілді. Мәлім болғандай, 2024 жылдың алғашқы кезеңінде қала бюджетінің кіріс бөлігіне 111 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ өнеркәсіп өндірісінің көлемі де айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, есепті кезеңде сала бойынша 861 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, бұл өткен жылғы деңгейден 10%-ға көп. Сарапшылар бұл өсімді өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісіндегі оң динамикамен байланыстырып отыр. Қалалық әкімдік өкілдері мұндай нәтижелер тұрақты экономикалық саясат пен инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылған жұмыстардың жемісі екенін атап өтті.
– Реттелетін салықтар бойынша түсімдер 65 миллиард 398,6 миллион теңгені немесе 104 пайызды құрады. Жергілікті салықтар 977,5 миллион теңгеге артық орындалды. Оның ішінде жеке табыс салығы – 114,2 миллион теңге, мүлік салығы – 137 миллион теңге, ішкі салықтар – 425,9 миллион теңге. Сондай-ақ, мемлекеттік жер салығы – 300 миллион теңге, – деді Қарағанды қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айнұр Апақашева.
Қала бюджетінің кірісі жыл сайын өсіп келе жатқанына қарамастан, кейбір бағыттарда бөлінген қаражаттың толық игерілмеуі депутаттар тарапынан сынға ұшырады. Бұл туралы қалалық мәслихат отырысында айтылды. Депутаттардың айтуынша, жоспарланған қаражаттың толық көлемде мақсатты жұмсалмауы – атқарушы органдардың жұмыс тиімділігінің төмендігін көрсетеді. Олар әсіресе әлеуметтік салалар мен инфрақұрылым жобалары бойынша кешігулер мен үнемделген қаржының нақты іске айналмауын сынға алды. Қаражат бар, бірақ кейбір басқармалар оны уақытында игере алмай отыр. Бұл тұрғындардың күткен қызметтерін кешіктіреді. Мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін бақылауды күшейтіп, жауапты құрылымдардың есептілігі мен тиімділігін арттыру қажет, – деді мәслихат депутаттарының бірі. Халық қалаулылары игерілмеген қаражат мәселесі жүйелі түрде қаралып, әрбір жоба бойынша нақты жауаптылар белгіленуі тиіс екенін қадап айтты.
– Біздің сайлаушылар мәслихатқа жол жөндеу, аулаларды абаттандыру мен жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарын салу жұмыстарының жөнді орындалмауына байланысты жиі шағымданады. Жалпы алғанда, қалалық бюджеттік бағдарламалардың іске асу тиімділігі өткен жылмен салыстырғанда төмендеп, қазір 95 пайызды құрады. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 98,9 пайыз болған еді, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Денис Дедов.
2024 жыл Қарағанды үшін белсенді даму жылы болды: инвестициялар көлемі ұлғайды, 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, депутаттардың айтуынша, алдағы басты міндет – тек экономикалық көрсеткіштерді арттыру ғана емес, сонымен бірге бюджет қаржысының ашықтығы мен тиімділігін бақылау.
ЖҰПАР АМАНБАЙҚЫЗЫ.
«QH»