Жоспармен ұрлық қылатын қарақшылар

Қарағандыда гараждар шоғырланған аймақта ұрлық жиілеп тұр. Құлып қорған болмай, темір тұрақты тонаушылар талайды сан соқтыруда. Заманына қарай адамы демекші, қазіргі ұрылардың тонауға техникамен жасанып, жоспар құрып келетіні қайран қалдырады.

Ұрлығыңа көнсем де, қорлығыңа көнбеймін деген жұрт гараж тонаушыларды аңдып, қолға түсіріп, тәртіп сақшыларына табыстап та көрген. Бірақ дәніккен қулар үйреншікті әдеттерін қайталай айналысуды доғарар емес. Гараж тонаушылардан әбден теперіш көрген 146-кварталдағы гараждар шоғырланған аймақ тұрғындары жеке мүліктерін жекелей күзетуге көшкен. Осындай қырағы күзеттің бірінде ауыр техникамен келіп, гараж есігін бұзғандар тұтылды. Оқиға орнына дереу полиция шақыртылған. Осыдан кейін қарақшылық шабуыл азаяр деп үміттенгендердің қуанышы көпке бармады. Келесі күні дәл сол жасақ тобы алдыңғы күні аяқталмаған шаруаны соңына дейін жеткізуге келген.

Бір күнде бірден бес гаражға дейін қиратып, құныққандар көбіне велосипед, құнды заттар, темір бөлшектерді, автобөлшектерді тонауға дәнніккен. Бос қайтпауға бел буып, арнайы схемамен келетіндер алатын түк таппаса, гараж есігін арқалай кетеді екен. Гараждарды жаппай тонау оқиғасы осыған дейін де сан мәрте орын алған.

Жалпы, соңғы бір ай ішінде жаттың мүлкіне қол сұғу жайтымен 20 факт тіркелген. Тұрғындар 2017 жылы да полицияға жүгініп, бұл мәселені көтерген болатын. Тонаушыларды тыймай отырған бір ғана жағдай – жазаның жоқтығы дейді гараж иелері. Мысалға гараждың бір есігі заңсыз сатылымда 50 мың теңгеге бағаланады екен. Жаттың мүлкін иеленуге жаны құмарлар үшін қабырғаларды тесіп кіру нысанға түсудің бір тәсілі. Қабырғаны қопара отырып, көрші гараждарға өтеді. Қала тұрғыны Александр Макаров өзінің гаражына жапсарласа орналасқан гараждың тоналғанын көргенде тосылып қалған. Ұрылардың көз тігер ендігі нысаны өзінің гаражы боларына сенімді.

— Менің гаражым тонаушылар үшін кезекті пайда көзі болып тұр. Мен не істеу керектігін, кімге сенім артарымды білмеймін. Мен көлігімді осында қоямын. Жаза жоқ, біз шарасызбыз. Гаражыма қойған құнды заттарым бар, темір гараж қорған болмай тұрғанда мен оларды қайда апарып сақтай аламын, — дейді тұрғын.

146-квартал гараждар шоғырланған ең үлкен аймақтың бірі. Бұл маңда ұрылар алдымен қожайыны ұзақ уақыт бойы келмейтін гараждарды анықтайды. Көп жағдайда қайсыбір адамдар гаражы тоналғанынан бейхабар болып жатады.

Полиция қызметі бұл гараждар шоғырланған аймақта қадағалауды күшейтетінін айтып сендірді. Алайда зардап шегуші тарап бұл тонау оқиғаларына тәртіп сақшыларымен ымыраластық болуы мүмкін деп күдіктенеді. Тонаушылардың тым еркін жүруі, жұрт көзінен жасырынбай ауыр техникамен келіп ойына алғанды қылуы, полицияның бейнежетонсыз, құжаттарсыз келуі, бәрі күдікті дейді гараж иесі Владимир Цветков.

146-кварталдағы гараж тонау оқиғасының бірі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда ұйымдасқан топтың арнайы схемаға сай әрекет еткені байқалған. Алдын ала көзделген нысанға жеңіл көлікпен келіп, маңайды торушылар артынша трактор алдыртып, күзет қойып, темір қақпаларды кезекпен жұла бастаған. Кейінірек іске манипулятор қосылып, темір есіктерді тиеп, алып кетумен іс тынған. Десе де зардап шегуші тарап талайды тонап, дәніккендер тиісті жазаға тартылмайтынына сенімді. Өйткені ресми емес ақпарат бойынша, жаңа құрылыс үшін гараж массивтерін мақсатты түрде жою жүріп жатыр деген қауесет тараған.

Гараж қожайындарының айтуынша, бұдан шығатын бір ғана қорытынды — ол жерге деген қызығушылық. Біреулерге нақты осы аймақта жер керек. Олар гараждар шоғырланған орынды мүмкіндігінше жойғысы келеді. Одан соң оны игерілмей тұрған бос орын деп танып, жымысқы жоспарларын жүзеге асыруды бастайды- мыс.

Полиция бұл ақпардың жалған дақпырт екеніне сенімді. Көп жағдайда тоналған гараж қожайындарын анықтауға уақыт көп жұмсалады екен. Өйткені көптеген адамдар өздерінің жеке мүлкі тоналғанын білмей қалады. Ал 146- кварталдағы қырағы тұрғындардың ұйымшыл әрекетінен кейін ұрылар қолға түскен.

Қарағанды облысы ПД ресми өкілі Жансая Жүнісованың ресми мәлімдемесінде айтылғандай қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.

Бүгінгі таңда гаражды бөлшектеудің бір ғана фактісі және екінші гаражды қирату әрекеті дәлелденді. Күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Полиция зардап шеккен гараждардың иелерін анықтау үшін әкімдікке хат жолдаған.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ