Қарағанды есірткісіз қала
Қарағанды қаласының Орталық саябағында ерекше форматтағы әлеуметтік акция ұйымдастырылды. «Есірткіге – ЖОҚ де! Еркін өмір сүр!» ұранымен өткен жеңіл атлетикалық жүгіру шарасының негізгі мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу.
Игі бастаманы Қарағанды облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы қолға алған. Іс-шараға ІІМ жанындағы есірткіге қарсы күрес жөніндегі кеңес мүшелері, полиция қызметкерлері, колледж студенттері мен еріктілер қатысты. Жалпы саны 120-ға жуық студент қатысқан акцияда жастар арнайы антинаркотикалық логотиптері бар футболка мен бас киім киіп, үшбұрыш пішінінде сапқа тұрды. Қолдарындағы жалаушалар мен ұран жазылған баннерлер олардың ортақ үндеуін жеткізіп тұрды.
– Осы жылдың ақпанында Ішкі істер министрлігінің жанынан есірткіге қарсы кеңес құрылған болатын. 26 мамыр мен 26 маусым аралығында республика бойынша есірткіге қарсы айлық өтуде. Бұл жолғы шаралар дәстүрлі дәріс оқумен шектелмей, жастарға жақын – спорттық-мәдени форматта өткізіліп жатыр. Есірткі қылмысына қарсы күрес тек полицияның емес, бүкіл қоғамның міндеті, – деді кеңес мүшесі Баян Мамитова.
Жүгіру басталар алдында кеңес мүшелері қатысушыларды спортпен шұғылданып, зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстауға шақырды. Бұл үндеулер – есірткіге қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыруға бағытталған нақты әрекет еді.
– Мен әр сабағымда студенттеріме салауатты өмір салты туралы айтып отырамын. Егер бір студенттің болсын санасына жетіп, ол өзін де, жақындарын да қорғай білсе – мен үшін үлкен жетістік, – дейді Қарағанды машина жасау колледжінің оқытушысы Бағдат Қазыкенов.
Шара барысында қатысушыларға есірткінің зияны мен заңсыз айналымы үшін қарастырылған жазалар туралы кең көлемді ақпарат берілді. Сондай-ақ, нашақорлықтан зардап шеккендерге көмек көрсете алатын орталықтар мен қызметтер жайында нақты мәлімет таратылды.
– Жастар есірткінің өмірге қандай қауіп төндіретінін түсінуі керек. Біз, полиция департаменті мен кеңес мүшелері, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді полиция подполковнигі Данияр Жақұдаев.
Акция соңында барлық қатысушылар жағалау бойына сапқа тұрып, «Қарағанды – есірткісіз қала!» деген ұранды бірге айтты. Бұл көрініс – жастар мен қоғамның ортақ тілегі мен бірлігінің айқын айғағы болды.
Қалалық белсенділердің пікірінше, мұндай шаралар жиі ұйымдастырылуы тиіс. Өйткені ашық үндеулер мен қоғамдық қолдаулар жастардың өмірге деген құлшынысын оятып, дұрыс жолды таңдауға серпін береді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»