ЖЭО-да ауқымды жөндеу
Қарағандыда ЖЭО-1 және ЖЭО-3 нысандарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жеті ай ішінде 26 негізгі қондырғы жаңартылады. Оның ішінде бес қазандық пен үш турбина күрделі жөндеуден өтпек.
ЖЭО-3-тегі №1 қазандық агрегаты толық жаңартылуда. «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС бас директоры Флюр Гариповтың айтуынша, жөндеу аяқталған соң жабдықтың тозу деңгейі 35%-ға төмендеп, сенімділігі айтарлықтай артады.
– Қазан экрандары, бу жылытқыш, су экономайзері, ауа жылытқыштар — барлығы жаңасына ауыстырылып жатыр. Бұл – толық 100% жаңарту, – дейді ол.
Жөндеу жұмыстары тәулік бойы екі ауысымда жүріп жатыр. Қазірдің өзінде көлемнің жартысы орындалған. Сонымен қатар, №1 қазандыққа экологиялық тиімді 3-буындағы эмульгаторлар орнатылып, станциядан бөлінетін шаң көлемі азаймақ.
ЖЭО-1-де де екі қазандық пен бір турбина жаңартылуда. Қалған қондырғылар жоспарлы техникалық қызмет көрсетуден өтуде.
Энергия тапшылығына қарсы жаңа блок
ЖЭО-3 базасында қуаты 120 МВт болатын жаңа энергоблок салынуда. Бұл жоба өңірдегі энергия тапшылығын азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, ұзындығы 2,4 км болатын магистральды жылу трассасы жаңартылып жатыр. Құбыр диаметрі 1000 мм-ден 1200 мм-ге дейін кеңейтіледі, бұл өткізу қуатын арттырады. Тағы бір 2,1 км жылу желісі Сұрыптау мен Пришахтинскке тартылуда.
Жөндеу жұмыстары әкімдік қолдауымен және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып жатыр. Құбырлар Қарағандыдағы «Изоплюс Орталық Азия» зауытында дайындалған.
– Бұл трассаға соңғы 50 жылда тек ағымдағы жөндеу жүргізілген. Қазір алғаш рет күрделі жөндеу қолға алынды, – дейді ТКШ басқармасы өкілі Жанболат Тоқмырзин. – Жоба жаңа нысандарды қосуға да мүмкіндік береді.
Екі ірі жоба үш жылға есептелгенімен, біреуін биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»