Ұлттық жоба
Қарағандыда орман қорын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Табиғи апат салдарынан жойылған жасыл желекті қайта қалпына келтіру мақсатында Кірпіш зауыты маңындағы орман алқабында 44 мың қарағай көшеті отырғызылды. Бұл – үш жыл бұрын ірі өрттің салдарынан зардап шеккен 70 гектар аумақта жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың жалғасы. Ол кезде қарағаймен қатар қарағаш пен үйеңкі секілді ағаш түрлері де жойылған болатын. Ағаш отырғызу шаралары былтыр басталып, биыл қарқын ала түсті. Бұл экологиялық бастама – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан ұлттық жобаның бір бөлігі болып табылады. Орманды қайта жандандыру – табиғатты сақтау және болашақ ұрпаққа экологиялық қауіпсіз орта қалдыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Кірпіш зауыты ауданындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында орман алқабын қалпына келтіру жұмыстары өткен көктемде қолға алынған болатын. Өрттен зардап шеккен аумақ тазартылып, мамандар жаңа көшеттер отырғызуға кірісті. Мамыр айының ортасына дейін жалғасатын бұл науқан аясында жас ағаштардың жерсінуіне тұрақты бақылау жүргізіліп, қажетті күтім жасалады.
— 2022 жылы Қарағанды орман шаруашылығы аумағында өрт болды. Жалпы өрт аумағы 70 гектарды құрады. Биыл оның 30 гектарына ағаш отырғызылды. Жыл сайын отырғызылатын аумақ көлемі ұлғая бермек, -деді Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының орманшысы Қуат Имакаев.
Өңірде орман қорын қалпына келтіру жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда тек ағаш отырғызумен шектелмей, көшет материалдарын өзімізде өсіру ісі де жолға қойылған. Биыл Новодолинкадағы арнайы көшет алқабында ағаштар мен бұталардың түрлік құрамын арттыруға басымдық беріліп, қайың, долана мен итмұрын тұқымдары себілді.
— Біздің басты міндетіміз – Президенттің екі миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау. Сондықтан әрбір қадамымыз осы мақсатқа бағытталған. Біз жаңа аумақтарды игеріп, өзіміздің климатқа бейімделген бұталарды: акация, қарақат және мойыл өсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл – өзіміздің отырғызуға дайын материал болады, -дейді орманды қалпына келтіру инженері Эдуард Крюков.
Орман қорын жаңарту ісінде көшет өсіру алқаптарының рөлі ерекше. Новодолинка елді мекеніндегі осындай алқаптың жалпы аумағы 81 гектарды құрайды. Оның 25 гектары суарылатын, яғни жоғары өнім беретін арнайы учаске. Мұнда жыл сайын 1 миллион 300 мыңға жуық үйеңкі, қарағаш және қарағай көшеттері өсіріледі. Сонымен қатар, орман қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дәл осы жерде жаңа өрт сөндіру бекеті де жұмыс істеп тұр.
— Техника бойынша жаңадан камаз техникасы берілді. Сосын мынау уаз техникасы берілді, малолеспатрульный комплекс дейді. Қаладан келіп оның өзі біраз уақыт алатын. Қазір міне бәрі оперативті,- деді бекет басшысы Жасұлан Сыздықов.
Биыл өңірде 440 гектар жерге екі миллионға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Жұмыстар Шахтинск, Қарағанды және Теміртау қаласында жүріп жатыр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»