«Ұжымдық иммунитет» әлі қалыптасқан жоқ
Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы АЙМАҒАНБЕТОВ Нұрлан Мақсұтұлы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндады.
— Өңірімізде қазіргі эпидахуал қалай?
— Бүгінгі таңда Қарағанды облысы «Сары» аймақта. Қарағанды облысында COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтануда. Осы жылдың 3 қарашасына барлығы 103 мыңнан астам зертханалық расталған жағдай тіркелген. Өткен тәулікте коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың 145 жаңа жағдайы анықталды. 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші – 7293, оның ішінде симптомдары бар науқастар – 80%, симптомсыз вирус тасымалдаушылар – 20%. Эпидемиологиялық мониторингке сәйкес, аурушаңдық өткен аптамен салыстырғанда 6,3 пайызға төмендеді.
Вирус жұқтырғандардың 25%-ы 60 жастан асқан адамдар. Ауырған балалар мен жасөспірімдердің үлес салмағы 20,5 пайызды құрап отыр. Науқастар құрылымында ең үлкен үлес салмақты еңбекке қабілетті жастағы 30-39 жастағы, қоғамдық орындарға белсенді баратын, қоғамдық көлікті пайдаланатын адамдар – 16% құрайды. Кәсіби белгісі бойынша талдау кезінде сырқаттанушылықтың ең жоғары көрсеткіштері жұмыс істемейтіндер (26%) мен зейнеткерлер (24%) арасында тіркеледі. Өткен аптада оқушылардың үлес салмағы 14%-ды құрады, қызметі адамдардың көп санымен байланысты қызметкерлер арасында: қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, кеңселер, банктер және басқа да салалары – 12,6%.
— Сіздің ойыңызша, қазіргі тұрақты жайғдайды қалай сақтап қалуға болады?
— Қазіргі жағдайды ескере отырып, карантиндік шектеулерден тез шығудың кепілі – коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация және карантин шарттары мен шектеу шараларын қатаң сақтау. Тек жаппай вакцинация мен ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бұрынғы шектеусіз қалыпты өмірге қайтып келуге көмектеседі. Облыстың «Сары» аймақта болуына облыс халқын коронавирустық инфекцияға қарсы иммундау бойынша қол жеткізілген көрсеткіш те ықпал етеді.
— Неге түнгі клубтар мен басқа да мекемелерге таңертеңге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді?
— Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес түнгі клубтарға кіру «Ashyq» бойынша жүзеге асырылады. Мекемелер жұмыс күндері де, демалыс күндері де жұмыс істей алады. Олар үшін жұмыс кестесі келесідей: «сары» аймақта орналасқан өңірлерде, «Ashyq» жобасын қолданылатын нысандар түнгі сағат 3-ке дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген. Демалыс күндері, бұл ретте түнгі клубтарға қызметкерлер мен келушілерде қауіпсіз «Жасыл» мәртебесі (вакцинация, ПТР теріс, вакцинацияға қарсы көрсетілімдер туралы анықтама, адамның соңғы 3 айда КВИ-мен ауырғаны туралы анықтама) болған жағдайда баруға рұқсат етіледі.
«Жасыл» мәртебені ескере отырып, тек қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар келушілер үшін түнгі клубтар карантин жағдайында жұмыс істей алады. Жалпы Қазақстан Республикасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ, вакцинациялауға жататын контингенттің 70%- дан астамын қамтуын ескере отырып, бұл шешім ҚР Үкіметі жанындағы коронавирустық инфекцияны таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия деңгейінде қабылданды.
— Карантин шаралары тағы да күшеюі мүмкін бе? Мүмкін болса, қандай жағдайларда?
— Әрине, коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде біздің облыс орналасатын аймаққа сәйкес шектеу шаралары қабылданатын болады.
— Қазіргі уақытта адамдардың қанша пайызы толығымен вакцинацияланды? Ұжымдық иммунитет қалыптасты ма? Пайыздық көрсеткіштер қандай?
— Бүгінгі таңда облыс бойынша тиісті тұрғындарды коронавирустық инфекцияға қарсы егу жұмыстары жалғасуда. Егу науқаны аясында 897 340 адамды егу жоспарланған болатын. Осы жылдың 3 қарашасына сәйкес, бірінші компонентпен – 563 537 адам (62,8%), екінші компонентпен – 506 847 адам (56,5%) егілді. Вакцинациямен қамтудың қол жеткізілген көрсеткіштері облыс тұрғындарына қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретін «Ұжымдық иммунитетті» қалыптастыруға әлі де болса мүмкіндік бермейді.
— COVID-19 вакцинациясын басқа екпелермен біріктіруге бола ма?
— Вакцинаны кез келген уақытта жасауға болатынын атап өтеміз. Вакцина дегеніміз — патогенді әлсіреген немесе белсендірілмеген вирус. Бұл ағзаны қорғайтын болады. Яғни, аурумен күресуге қабілетті антиденелердің пайда болады. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаны басқа вакциналармен біріктірмеу керек. Өйткені, пациенттерде жаңа препаратқа иммундық реакцияны бақылау қажет. Сондықтан, корона вирустық инфекция вакцинациясынан кейін немесе одан бұрын басқа иммунизацияны 30 күн аралықпен жүргізуді ұсынамыз.
— «Сары» аймақта болсақ та, белгілі бір шектеу шараларын ұстануымыз қажет пе?
— Шектеу шараларын сақтауды ешкім жойған жоқ. Әлі күнге дейін облыс тұрғындары адамдар көп жиналатын объектілерге барған кезде жеке гигиена шаралары туралы ұмытпауы керек. Ересектер мен балалар көпшілікке қолжетімді жерлерде орнатылған антисептиктерді жиі қолдануы тиіс. Қолдарын жиі жуып, лас қолдарымен көз, ауыз мұрынын ұстауға болмайды. Медициналық маскаларды қолданып, уақытылы ауыстырып отыру қажет. Биоқауіпсіздіктің барлық шараларын қатаң сақтауға міндеттіміз. Тағы бір ескеретін жайт – өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, температура, жөтел пайда болған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну, өзіңізді емдеу.
— Алдағы уақытта «Ревакцинация» жасау күтілуде. Қалай жүргізіледі? Вакциналардың әсер ету механизмі қандай?
— Кросс-вакцинация – бұл адам бұрын алмаған препаратты егу. Яғни, адам алдымен «Спутник V» векторлық вакцинасымен егілсе, онда белсенді емес – QazVac, Pfizer, Hayat-Vax және басқа да екпелермен қайта вакцинациядан өтуі қажет. Қайта иммундау мерзімі «Спутник V»-ден кейін тоғыз ай. Басқа екпелерден соң – алты ай күту керек. Азаматтардың барлық топтары үшін ревакцинация шамамен бір уақытта басталады, «Спутник-V» иммунизациясы 1 ақпанда басталды, тиісінше, халық бұл вакцинаның екінші дозасын 21 ақпанда алды. Сондықтан, олар үшін ревакцинация қараша айының соңынан басталады. «QazVac» сәуір айының соңында келді, екінші доза мамырдың жиырмасыншы күндерінде қолданылды. «QazVac»» алғандар үшін ревакцинацияның басталуы — қараша айының соңы. Ревакцинация ең алдымен коронавирус жұқтыру қаупі жоғары адамдарға ұсынылады. Ол 60 жастан асқандар, дәрігерлер, педагогтар, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері және қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер.
— Дәл қазір халыққа қандай вакциналар қол жетімді?
— Қарағанды облысының тұрғындарына үш вакцина қолжетімді. Атап айтқанда, «Спутник – V», «Vero Cell» (Қытай) және «QazCovidIn» (QazVac). Егу вакцинация пункттерінде тегін жүргізіледі. Бұдан басқа, «Комирнати» вакцинасын (Пфайзер, АҚШ) жеткізу жоспарлануда. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №46 «Коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша ісшараларды одан әрі жүргізу туралы» Қаулысына сәйкес, «Комирнати» вакцинасымен (Пфайзер, АҚШ) халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауды жүргізу қағидалары бекітілді.
Аталмыш екпе түрімен 12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдер, 16-37 аптасы аралығындағы жүкті әйелдер, лактация кезеңіндегі әйелдер (босанғаннан кейін 42 күн өткеннен кейін) вакцинацияланады. Вакцинация жүргізер алдында коронавирусқа қарсы антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді. Коронавирустық инфекциямен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинациялауға болады.
Коронавирустық инфекцияға қарсы Пфайзер вакцинасымен профилактикалық вакцинациялауды бастапқы кезеңде 16-дан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцинациялаудан бастау керек. Содан кейін жасөспірімдерді вакцинациялау аяқталғаннан кейін 15, 14, 13 және 12 жастағы балаларды жүйелі түрде вакцинациялау керек.
— Маман ретінде тұрғындарға не айта аласыз?
— Құрметті, қарағандылықтар облыс! Ересектер мен балалар арасында жаппай вакцинацияның маңыздылығын атап өткен жөн. Бүгінгі күні инфекцияның таралу тізбегін бұзуға мүмкіндік беретін алдын-алу шаралары бойынша жұмысты жалғастыру өте маңызды. Қазіргі уақытта карантиндік шектеулерден тез шығудың кепілі коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация және карантин мен шектеу шараларының талаптарын қатаң сақтау болып табылады.
— Сұхбатыңызға көп рақмет!
Ақзия Оразалиева