Адалдық — болашақ офицердің темірқазығы
Қарағандыдағы Б.Бейсенов атындағы ІІМ Академиясында курсанттар мен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті өкілдері арасында маңызды кездесу өтті. Бұл — Республикалық «Адалдық сағаты» жобасы аясында ұйымдастырылған бірыңғай тақырыптық тәрбиелік іс-шара.
Кездесуге арнайы шақырылған құрметті қонақ — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асет Ақытұлы Арыстанбеков болды. Ол курсанттармен ашық сұқбат құрып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызына тоқталды.
Академия бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекенов курсанттарға арнаған құттықтау сөзінде осындай кездесулердің болашақ құқық қорғау саласы қызметкерлері үшін ерекше маңызын атап өтіп, қонақты таныстырып, оның тәжірибесін жастарға үлгі етіп көрсетті.
Әсет Ақытұлы өз сөзінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағыттары мен қазіргі кездегі өзекті міндеттері туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, құқық қорғау саласындағы жеке тәжірибесімен бөлісіп, адалдық пен әділеттіліктің қызмет барысындағы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Іс-шара еркін әрі интерактивті форматта өтті. Курсанттар белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ қатысушылар назарына арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылып, қоғамда жемқорлыққа қарсы теріс көзқарасты қалыптастыру жолдары көрсетілді.
-Бүгінгі кездесу біз үшін өте маңызды әрі әсерлі болды. Асет Ақытұлының тәжірибесі мен айтқан ойлары бізге үлкен мотивация берді. Әсіресе, адалдық пен принципшілдіктің құқық қорғау саласында қандай маңызға ие екенін терең түсіндік. Алдағы уақытта өз қызметімізде осы құндылықтарды басты ұстаным етеміз деп сенемін, — деді Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанты Ислам Мұрат.
Кездесу соңында Әсет Арыстанбеков құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басты қағидаттары — адалдық, принципшілдік және заңға адалдық екенін еске салды. Ол болашақ офицерлерге арнаған сөзінде:
«Сіздер — ертеңгі әділетті қоғамның тірегі боласыздар. Сондықтан жемқорлыққа мүлде төзбеу, әділдік үшін күресу — сіздердің басты парыздарыңыз», — деп атап өтті.
-Мұндай кездесулер жастардың дүниетанымын кеңейтіп, кәсіби жауапкершілік пен азаматтық ұстанымын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Мамандардың тәжірибесі мен нақты мысалдары курсанттарға терең ой салды. Бұл – тек лекция емес, болашақ маманның ішкі сенімін нығайтатын тәлімді әңгіме болды, — деді полиция лейтенанты Абылай Әбдіқайым.
Жиынға шамамен 300-ге жуық курсант қатысты. Кездесу олар үшін әрі танымдық, әрі мотивациялық сипатта өтіп, болашақ қызметтерінде моральдық-этикалық ұстанымдарды басшылыққа алу қажеттігін терең түсінуге себеп болды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»