Жаңа кітаптың тұсаукесері

Қазақ әдебиетінің қоржыны тағы бір тың туындымен толықты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Сүйіндік Жанысбайдың «Алтын Тостақ» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Рухани қуанышқа толы бұл жиында қаламгердің әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасы, шығармашылық бағыты мен жаңа кітаптың идеялық мазмұны жан-жақты талқыланды. Жинаққа енген шығармаларда ұлттық құндылық, адамгершілік пен замана келбеті көркем тілмен өрілген. Оқырман мен қаламгерді жақындатқан бұл кездесуде қазақ сөз өнерінің биік мәні тағы бір мәрте айқын көрініс тапты.

Жергілікті мәдениет ордасында өткен «Алтын тостақ» кітабының тұсаукесері ерекше әсерге толы болды. Шараға ардагер журналистер, қоғам белсенділері, мұғалімдер мен мектеп оқушылары жиналып, автордың шығармашылық жолы мен әдеби еңбегіне терең үңілді. Орыс тілінен аударылғанымен, түпнұсқалық мазмұнын жоғалтпаған Алтай ертегісі — «Алтын тостақ» — көркемдігімен және мән-мағынасы тереңдігімен ерекшеленеді. Ертегі бастауыш сынып оқушыларына арналғанымен, өмірлік құндылықтар мен ұлттық танымды арқау еткен туынды ересек оқырманды да бейжай қалдырмайды.

— Бұл кітап осы биыл наурыз айынын басында жарық көрді. Осындай әдемі болып. Көріп тұрсыздар мына суреттердің бәрін өзінің суретшілері қолдан салған. Әр ертегінің мазмұнына байланысты суреттердің бәрі түгел. Илюстрация жаңағы безендірілуі өте әдемі, балаларға қызықты оқиды жаңағы суреттеріне қарап отырып. Мен бұл кітапты ертерек аударғанмын. Осыдан бір 20 шақты жыл бұрын ба одан да көптеу шығар. Бастауыш сынып оқушыларынан ересек  адамдарға дейін оқуға болады. Тіпті қызықты. Соңғы жақтағы ертегілері өзіміздің кейбіреулері қазақ халдықының ертегелеріне ұқсас сол үндес, -деді кітап авторы, Қазақстан жазушылар және Қазақстан журналисттер одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбай.

Тұсаукесер кешінде Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының ұжымы қаламгерге ерекше құрмет көрсетті. Кітапхана атынан Сүйіндік Жанысбайға қазақ руханиятының символына айналған «Абай» мүсіні табысталып, бұл сый оның әдебиетке қосқан үлесін бағалаудың белгісі ретінде ұсынылды. Ал жазушының өмірлік серігі Нұрғайын Әліпбекқызына гүл шоқтары тарту етіліп, шығармашылық жолындағы жан-жақты қолдауы мен еңбегі атап өтілді. Бұл сәт залдағылардың ерекше ықыласына бөленіп, жылы лебіздерге ұласты.

— Кез келгенін  ашып қарасам, ағамыз қандай керемет жазған. Бала сияқты, баланың тілі балдай тәтті, деген сөз бар. Сондықтан жазушы мындай шығарманы аудару  үшін, балалар туралы шығарма жазу үшін, балаша ойлай білу керек, балаша түсіндіре білу керек, -дейді Қазақстанның Мәдениет қайраткері Әли Тойжігітов.

  Кеш барысында “Зейін” қисса оқыту үйірмесінің жетекшісі Арайлым Әбдікәрімова шәкірттерімен бірге «Алтын тостақ» кітабындағы «Бақа мен құмырсқалар» ертегісін сахналық қойылым ретінде ұсынды. Балалардың шебер ойыны мен көркем бейнелеуі көрермендердің көңілінен шығып, ертегінің тәрбиелік мәнін терең жеткізе түсті. Арайлым Әбдікәрімова тек ұстаз ғана емес, талантты аудармашы ретінде де танымал. Ол италиялық әйгілі жазушы Марио Пьюзоның «Өкіл әке» романы мен эстон қаламгері Эллен Нийттің балаларға арналған «Пилле-Рийн» шығармасын қазақ тіліне тәржімалаған. Оның аудармалары түпнұсқа мәтіннің стилі мен мазмұнын сақтай отырып, қазақ оқырманына ұғынықты тілмен жеткізілгені үшін жоғары бағаланады.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»