80 жылдық рухани өрлеу: Жүрсін Балкенов көрмесі
Қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, дарынды суретші әрі ұлағатты ұстаз Жүрсін Балкеновтің 80 жылдық мерейтойына орай Қарағандыда мерейтойлық көрме өтті. Экспозицияда суретшінің түрлі жанрда салынған туындылары, эскиздері мен архивтік материалдары қойылып, көрермендер назарына оның бай шығармашылық жолы мен өнерге сіңірген еңбегі кеңінен ұсынылды. Көрме – Балкенов мұрасына көрсетілген зор құрмет қана емес, сонымен қатар жас буынға өнердің рухани құндылығын ұғындыратын тағылымды шараға айналды.
Көрмеге суретшінің 50-ге жуық туындысы қойылып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Жүрсін Балкеновтің көптеген картинасында оның кіндік қаны тамған Қарқаралы өңірінің көркем табиғаты мен тыныс-тіршілігі бейнеленген. Әрбір туындысынан туған жерге деген терең сағыныш пен шексіз махаббат айқын сезіледі. Бояу мен штрих арқылы суретші тек табиғатты емес, жүрек түкпіріндегі сағыныш пен елге деген іңкәрлікті жеткізе білген. Шығармашылық кеш барысында Жүрсін Балкеновке Қарағанды қаласы әкімдігінің атынан Алғысхат табысталып, оның өнерге қосқан үлесі мен туған өлкеге деген сүйіспеншілігі ерекше аталып өтті.
– Жүрсін ағамыз негізінен Қарағандыда дүниеге келсе де барлық балалық шағы осы қасиетті Қарқаралы жерінде өтті. Сондықтан да көп пейзаждары сол әдемі Қарқаралының, сұлу табиғатына арналған. Шайтанкөл әрине оның ішінде бар. Сонымен қатар натюрмортарды да, портреті де бар осы көрмеде, – деді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.
Жүрсін Шаяхметұлы 1945 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1971 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет факультетін аяқтап, өмірін білім мен өнерге арнады. Ол – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Суретшілер академиясының корреспондент-мүшесі. Жүрсін Шаяхметұлы бейнелеу өнері мен педагогика саласында сүбелі еңбек сіңіріп, талай жас маман мен суретшіні тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз. Оның шығармашылық ізденістері мен өнерге деген адалдығы ел ішінде жоғары бағаланып келеді. Әр туындысынан терең ой, ұлттық рух пен эстетикалық талғам көрініс тауып, көрермен жүрегіне жол таба білді. Сонымен қатар, ол – саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған, ғылым мен тәжірибені ұштастыра білген білікті маман, ел абыройына бөленген зиялы тұлға.
– Енді мен осы жолға келгеніме көп болды. Әсіресе мені қызықтырғаны бейнелеу өнерінде жанрлары өте көп қой. Соның ішінде осы живопись-сызсырай деп атаймыз оны біз. Мен өзім солай деп ат қойдым. Соның ішінде осы табиғат жанры, портрет жанры. Жаңағы осы сосын күнделікті тұрмыстық натюрморт жанрлары мені қатты қызықтырды, –дейді суретші Жүрсін Балкенов.
Кешке жиналған көрермендер Жүрсін Балкеновтің шығармашылығына деген ерекше құрмет пен ілтипаттарын білдірді. Өнерсүйер қауым көрмеде қойылған әрбір туындыны зор қызығушылықпен тамашалап, суретшінің бояу тілі арқылы ұлттық мәдениет пен рухани мұрамызды көркем жеткізе білетін шеберлігіне тәнті болды. Суреттерден қазақ даласының кең тынысы, туған өлкенің шежіресі мен халқымыздың болмыс-бітімі көрініс тауып, көрермен көңілінен орын алды. Жиналған жұрт суретшінің еңбектерінен тек эстетикалық әсер ғана емес, терең ой мен ұлттық санаға үндейтін мағына тапты. Кеш барысында Жүрсін Балкеновтің өнер жолына адалдығы мен еліміздің көркемөнер кеңістігіне қосқан үлесі ерекше аталып, ыстық ықыласқа бөленді.
– Жүрсін Шаяхметовичке зор денсаулық жәнеде табыс, суретшілерге тілер табыстарды тілейміз. Қолынан қаламы түспесін, көрермендерін қуантып жүре берсін, – деді көрермен Қаят Сартаева.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»