Жаңаарқалықтар ішімдіктен бас тартпақ

Спирттік өнімдерді сатуға әрі тұтынуға қарсы шыққан ең бірінші ауыл осы Жаңарарқа ауданындағы Айнабұлақ ауылы. Ондағы тұрғындардың басым көбі ішімдікке қарсы екендерін білдіріп, қолын қойып беріпті. Ендігі кезек Талдыбұлақ ауылына да келген, мұнда да 1 200-ге жуық тұрғын бар. Тиісті шарт бойынша 18 жасқа толған әр азамат тиісті құжатқа қол қойып, арақ-шарапты сатуға қарсы екенін азаматтық тұрғыда білдіруі тиіс.

Талдыбұлақ ауылында екі дүкен, бір шағын маркет бар. Алдағы уақытта мұнда да ішімдік атаулы сөреден алынады. Керек болса спирттік өнімді сатуға берілген лицензия қайта қайтарылады. Себебі жастар бастаған істі, үлкендер қолдап отыр. «Ішімдікке жол жоқ» акциясы басталғалы бері біз дүкен иелерімен кездесіп, келісімшарт жасап жатырмыз, жұмыс жүріп жатыр. Ішімдікке қарсы акцияны 100 пайыз қолдаймыз, жастар болып, ешкім мұны құптайды деп ойламаймын», — дейді Мағжан Саяжанов есімді ауыл тұрғыны, ал, аға буын ретінде Мырзабек Көшкімбаев: « Ішімдіктен бас тартқан дұрыс. Бәрібір ауылда ішімдік ішетін ешкім жоқ. Мерекелік шараның барлығы арақсыз өтеді. Жастардың барлығы салауатты өмір салтын сақтайды»,- деп отыр.

Жақсылық жұғысты келеді. Жаңаарқадағы өзге де елді мекен қосылған.– Барлық жамандық атаулы мен қылмыстың арақтан бастау алатыны баршаға аян. Өскелең ұрпақтың алдындағы өнегемізді алдыңғы орынға қойып, қариялар мен қоғамдастық мүшелері және жастармен ақылдаса келе, ауылда арақ сатылмасын деген тоқтамға келген. Мақсат – ауыл берекесін арттыру. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мелс Ахмедин де бұл бастаманың тұрғындар тарапынан қолдау тапқанына бек қуанышты. Өйткені, ел ертеңі – иманды жастардың қолында. Ақсақалдың айтуынша, алдағы уақытта учаскелік полиция инспекторы тұрақты түрде дүкендерді аралап, арақ-шараптың сөреде жоқ екеніне көз жеткізіп тұратын болады. Сондай-ақ жасырып ішімдік сататын кәсіпкерлер не тұрғындар болса, ол жөнінде инспекторға дер кезінде айтылып, түсіндірме жұмысын жүргізетіні белгілі болды. Бұл да бір жақсылықтың нышаны.

Сәке Бермағамбетованың кәсіпкерлік саласында жүргеніне 30 жыл болған. Темекі мен арақтан пайда көл-көсір екенін жақсы біледі. Бірақ, пайда ойламай, ар ойлаған ол да өзгелер сияқты ішімдік атаулыдан бас тартқан. Басында қиын болғанымен, қазір қалыпқа келіп алдық дейді.

Жаңаарқа ауданында бұл жобаны қолдағандардың бірі аналар кеңесі. Қолдап қана қоймай, білек сыбанып жұмыс жүргізген. «Аналардың барлығының дені сау болуы керек, салауатты өмір салтын ұстап, ұрпақты тәрбиелеу мақсатында өздері де өнеге бола біліп, сол балалардың сау болғанын қалағандықтан біз осы жобаны қолдап отырмыз», — дейді аналар кеңесінің мүшесі Сәулеғаным Орынғожина.

Осы күндері елімізде арақ сатылмайтын, ішімдік ішілмейтін ауылдар саны көбейіп келеді. Ол елді мекендердің дүкендерінде ішімдік атаулы сатылмайды, дастарқанға арақ-шарап қойылмайды.

Тақырыпқа тұздық. Forbes. kz жариялаған мәліметке сүйенсек, әрбір қазақ баласы жылына 11 литрге жуық спирт пайдаланады. Сауалнама нәтижесіне көз салсақ, 2017 жылғы көрсеткіш бойынша 21-65 жас аралығындағы қазақстандықтардың 46 пайызы арақты мүлде тұтынбайды. 54 пайызы үздіксіз қолданатындығы белгілі болды. 21 пайыз адам арақты негізгі ішімдік ретінде қолданса, тағы 10 пайызы үшін арақ екінші орында екен.

Расул МҰХАММЕД,

QH.