Жұмысшы мамандықтар жәрмеңкесі – жастарға қолдау
Қарағанды қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жастар мен жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар мен кәсіптерді таныстыру, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беру.
Жәрмеңкеге түрлі сала бойынша 40-қа жуық жұмыс беруші қатысты. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарының әкімдіктері, облыстық прокуратура, аудандық прокуратуралар мен пробация қызметтері, ЖСО Палатасы, Әділет департаменті, Қарағанды қаласының полиция басқармасы және ҚАЖ департаменті сияқты мемлекеттік мекемелер де шақырылды. Олар жұмыссыз азаматтарға кәсіби даму мен жаңа жұмыс мүмкіндіктерін ұсынды.
Жәрмеңкеде дәнекерлеуші, электрик, токарь, бояушы, слесарь, машинист сынды жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары болды. Бұл бағытта «Silk Road Electronics» ЖШС, «Asia FerroAlloys» ЖШС, «Tau-Ken Temir» ЖШС, «Alemgaz» ЖШС, сондай-ақ «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» сынды ірі кәсіпорындар өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды.
– Бұл жәрмеңкеміз барша жұмыс іздеген облыс азаматтарына арналады. Облыс бойынша әр аудан, қалаларда осындай жәрмеңке өтіп жатыр. Бүгінгі жәрмеңкеге 50-ден астам жұмыс беруші шақырдық. Олар 1 000-нан аса бос орын ұсынды. Және тағы да өз-өзіне қызмет көрсету бұрышын ашып қойдық – ол жерге жастар түйіндемелерін тастап кете алады. Бұл жерге жұмыссыз азаматтарды, биылғы жылы бітіріп жатқан жоғары оқу орындарының түлектерін шақыртып, тікелей жұмыс берушілермен бетпе-бет сөйлестіріп, жұмысқа орналасуына көмектескіміз келеді, – деді Қарағанды облысы Еңбек мобильдік орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілер де шараның тиімділігіне оң бағасын берді.
– Біз осы жобаға жыл сайын дәстүрлі түрде қатысып отырамыз. Өзіміздің бос жұмыс орындарының арнайы тізімін орталықтарға беріп отырамыз. Жәрмеңке басталғалы бері келіп, қызығушылық танытқан адамдар бар. Бұған дейін де осындай жәрмеңкелерден өзімізге жұмыскерлер тапқан болатынбыз. Бұл – екі тарапқа да тиімді алаң деп білемін, – деді «Ақтас көмір» ЖШС кадрлар бөлімінің басшысы Әлия Бөребаева.
Шараның ерекшелігі – жұмыссыз азаматтар, жастар мен оқу орындарының түлектері жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесіп, нақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Бұл тікелей байланыс механизмі жәрмеңкенің тиімділігін арттырды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қарағанды қаласы бойынша enbek.kz электрондық еңбек биржасында 2 000-нан астам бос жұмыс орны тіркелген. Бұл жәрмеңке – азаматтардың өзіне лайықты жұмыс табуына берілген нақты мүмкіндік болды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»