Ауыл шаруашылығына инвестиция көбейді

Тоғыз айда заттай мәнде 434,8 мың тонна өнім өндірілді. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 21,6 мың тоннаға аз. Сонымен қатар, аймақта балық, уылдырық және оның алмастырғыштары, ірімшік, сүзбе, бәліштер, шоколад, қант, кондитерлік өнімдер көп өндіріле бастаған.

2025 жылға дейін өңірде 370 млрд теңге сомаға 59 жоба іске асырылатын болады. Олардың барлығы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты инвестициялық жобалардың Жол картасы шеңберінде әзірленген. Ауыл шаруашылығы басқармасы осы жоспардың нәтижесінде қалалар мен аудандарда 5 800-ден астам жұмыс орны ашылатындығын мәлімдеді.

Сонымен қатар, биыл 11,5 млрд теңгені құрайтын 323 жұмыс орнын құруға бағытталған 16 жобаның 9,8 млрд теңге болатын 13-і жүзеге асырылып, 288 маман жұмысқа тартылған.

Тоғыз айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 366,9 млрд теңгені құрайды: 105 мың тонна ет, 413 мың тоннадан астам сүт және 500 млн дана жұмыртқа.

Пандемия барлық саланы, әсіресе ауыл шаруашылығын да айналып өтпегеніне қарамастан, карантин шаралары егін алқаптарын өсіруге еш кедергі келтірмеді.

«945 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілді. Оның ішінде 763,6 мың гектарға бидай, 163 мың гектарға арпа, 13,8 мың гектарға сұлы, 25,3 мың гектарға майлы дақылдар, 243,9 мың гектарға жемшөп, 16,4 мың гектарға картоп, 3,3 мың гектарға көкөніс отырғызылды», — деді ауыл шаруашылығы басқармасы.

Қазір гектарына 9,6 центнерден орташа өнімділікпен егін жинау толығымен аяқталды.

Келесі жылдың өніміне 109 мың тонна дәнді дақыл тұқымы себілді.

Дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруалар 3220,8 млн теңге несие алды. Биыл жоғары өнімді тұқымдармен дәнді дақылдар алқабы 866 мың гектарды, элиталық тұқымдармен дәнді дақылдар — 94,5 мың гектарды, бірінші репродукциялы тұқымдармен дәнді дақылдар — 292,9 мың гектарды құрады.

Минералды тыңайтқыштарға субсидиялау бағдарламасы бойынша 929 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның бір бөлігі республикалық бюджетке түсті. Басқарманың мәліметінше, бүгінде барлық қаражат игеріліп, 26 мың тонна тыңайтқыш сатып алынған. Ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылатын барлық аумақтың 30 пайызын өңделген.

Өңдеу өндірісінің көлемі 100 млрд теңгеден астам соманы құрайды.

Агроөнеркәсіптік кешен саласына 27 880 млн теңгеден астам инвестиция түсті. Оның ішінде ауыл шаруашылығына — 26 159 млн теңгеден астам, ал тамақ өнімдерін өндіруге — 1721 млн теңге бөлінген.

Ал, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің даму институттары арқылы шамамен 19 773 млн теңгеге несие берілді. Бұл қаражат есебінен 1 400-дей жоба іске асырылуда.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

QH.