«Қайта Бастау»: Қарағанды облысындағы қаржылық тұрақтылық пен жұмыспен қамтудың жаңа бағыты

Қазіргі таңда Қазақстан халқының едәуір бөлігі несиелік қарыздардан зардап шегіп отыр. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін қиын жағдай туғызуда. Осындай күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу мақсатында Қарағанды облысында жүзеге асырылған «Қайта Бастау» пилоттық жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Бұл бастама қаржылық сауаттылықты арттыру мен тұрақты жұмысқа орналасуды көздей отырып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жаңа өмірге жол ашуда.

Жоба алғаш рет Қарағанды облысының Бұқар жырау және Осакаров аудандарында пилоттық режимде іске қосылды. Оның басты мақсаты – несие қарызы бар азаматтарға көмектесу, оларды қаржылық сауаттылыққа үйрету, тұрақты жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және банк тарапынан жеңілдетілген шарттар ұсыну.

«Біз жүргізіп отырған шаралар жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, сондай-ақ банк секторымен өзара іс-қимыл арқылы мерзімі өткен берешекті реттеуге бағытталған», – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар.

Жоба аясында бірқатар нақты әлеуметтік мәселелер шешімін табуда. Мысалы, Осакаров ауданындағы көпбалалы отбасы 1 миллион теңгеден астам қарызын өтеу мүмкіндігін тапты. Отбасының табысы кедейлік шегінен төмен болғанымен, анасы жұмысқа орналастырылып, банк қарызды қайта құрылымдауға келіскен.

«31 наурыздан бастап Бұқар жырау және Осакаров аудандарында қаржылық сауаттылыққа оқыту жүргізілуде. Жоба бойынша мерзімі 90 күннен асатын несиелерге тап болған адамдарға тегін құқықтық көмек көрсетілуде», – деп мәлімдеді Төлеу Мұхтар.

Қарызға батқандарды жұмысқа орналастыру мақсатында бірнеше бағдарлама қатар іске асырылуда:

Әлеуметтік жұмыс орындары;

Жастар практикасы;

Ұрпақтар келісімшарты;

«Күміс жас» және «Алтын жас» жобалары;

Қоғамдық жұмыстар;

Бизнес-идеяларға арналған гранттар.

Сонымен қатар, «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы да елеулі рөл атқарып келеді.

Жобаның оң нәтижелерін ескере отырып, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Қайта Бастау» жобасын бүкіл облыс аумағында кеңейту туралы тапсырма берді. Бұл – жобаның тиімділігінің айқын дәлелі әрі болашақта басқа өңірлер үшін де үлгі бола алатын бастама.

«Қайта Бастау» – бұл жай ғана жоба емес, бұл қаржылық сауаттылықты арттыру мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты тетігі. Қарағанды облысында басталған бұл тәжірибе басқа аймақтарға да таралуы тиіс. Әрбір азаматтың қарыздан құтылып, тұрақты табыс көзіне ие болуы – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының негізі.

«Бастысы – қаржылық сауат пен тұрақты табыс көзі. Осы екеуі шешілсе, қарыз да шешіледі», – деген қағида жобаның негізіне айналған.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»