Жырмен тербелген Арқа тынысы
Қарағанды қаласындағы Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханада ерекше әдеби кеш өтті. Президенттік арнайы әдеби сыйлықтың иегері, ақын Жәнібек Әлиман туған жеріне жаңа туындысын – «Алтын тұңғиық» атты жыр жинағын ала келіп, оқырман қауыммен кездесті.
Бұл кездесуде ақын өз оқырмандарымен жүздесіп, жаңа кітабы туралы ой бөлісті. Әдеби шара «Ұлттық кітап күні» аясында ұйымдастырылды. Кешке зиялы қауым өкілдері, шығармашылық жастар мен өнер майталмандары қатысты.
– Осы уақытқа дейін білгенім, көргенім, сезінгенім – бәрі осы кітапта. Туған топырағымды жырға қосып, бала күнгі балғын естеліктерді өлеңге айналдырдым. Әр тармақтан Арқаның самалы есіп тұрады. Бұл еңбек – туған жерге деген сағынышымның көрінісі. Әзірге кітап 500 данамен жарық көрді. Алдағы уақытта таралымы көбеймек, – деді Жәнібек Әлиман кеш барысында.
«Алтын тұңғиық» жинағы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде туған өлкеге арналған өлеңдер мен поэмалар топтастырылса, екінші бөлімде еркін тақырыптағы жырлар енген. Бұл кітап «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жазылып, жарық көрген. Кешке дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, әнші-композитор Саят Әбдіғали, актер Дунай Еспаев сияқты өнер өкілдері қатысып, өз жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, Жәнібек Әлиманға ұзақ жылдар ұстаздық еткен филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов та өз тілегін білдірді:
– 17 жасында Өспеннің боз даласынан аттанып, Қарағанды университетіне оқуға түскен бозбала еді. Төрт жыл бойы өзіне ұстаз болдым. Жоғары оқу орнын да, магистратураны да тәмамдағанда жанынан табылдым. Жәнібектің бойында қазақтың кең даласының қасиеті түгел көрініс тапқан. Оның жырларынан қарағанның қайраты, тобылғының тектілігі, жусанның жасындығы сезіледі, – деді ұстазы.
Әдеби кеш барысында ақын өз өлеңдерін тебірене оқыды. Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенттері де ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жыр мерекесінің сәнін кіргізді. Осындай рухани кештер әдебиетіміздің жаңғыруына үлкен серпін береді. Бұл игі бастамалар жастарды кітап оқуға, туған жерді сүюге тәрбиелейді. Ұлттық рух пен шығармашылықты ұлықтаған шаралар көп болғай!
Ақниет АЛИЗАХ,
Қарағанды қаласы, №59 мектебінің 11 сынып оқушысы