Жеңіс Қашқынов мұрасы – жас ұрпақпен жаңғырады

Ұлттық кітап күні аясында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында Жеңіс Қашқынов оқулары ұйымдастырылды. Әдеби шараның басты мақсаты – мектеп оқушыларын поэзия әлеміне жетелеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және кітап оқуға ынталандыру болды.

– Бұл сайыс Жеңіс Қашқыновтың шығармаларын насихаттауға және жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Бұл жолы балалар ақынның «Ашылған сыр» және «Батырдың анасы» поэмаларын толық жаттап келді. Осындай шаралар арқылы олар қазақ руханиятымен жақын танысып, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіреді деп сенеміз, – деді кітапхана қызметкері Күміс Болатбекова.

Сайысқа 4-5 сынып оқушылары қатысып, ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды. Облыстың 19 білім ордасынан жиналған қырыққа жуық шәкірт арасындағы бәсеке тартысты әрі қызықты өтті.

Жеңіс Қашқыновтың шығармалары бұған дейін бірнеше мәрте жарық көрген. Дегенмен әр басылымы шыққан бетте оқырман арасында үлкен сұранысқа ие болып, аз уақыт ішінде таралып кеткен. Ақынның ұрпағы Ернат Рахметолла бұл мәселеге ерекше тоқталды.

– Жеңіс Қашқынов өмірінің соңына дейін туған өлкесі – Қарағанды облысын, оның табиғатын, тарихи тұлғаларын, батырларын және бүлдіршіндерді жырлап өтті. Мәселен, Қарағанды хайуанаттар бағында өмір сүрген «Батыр» есімді пілге арнап арнайы өлең жазған. Ақынның кітаптары бірнеше рет басылып шыққанымен, бәрі жылдам тарап кетті. Бүгінде оның шығармаларын іздейтін жас оқырмандар саны артып келеді. Сондықтан ақынның туындылары қайта басылып шықса, бұл – рухани өміріміз үшін үлкен олжа болар еді, – деді ол.

Жеңіс Қашқынов – қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Ақынның шығармалары орыс, украин, өзбек, молдован, грузин, қырғыз және ұйғыр тілдеріне аударылған.

Ералы ҒАНИ

«QH»