Балалар теміржолы

Қаламызда еліміздегі жалғыз балалар теміржолы жұмыс істеп келеді. Болашақ теміржолшылар мен ұқыпты мамандарды дайындаудың сұранысына айналған, қызықты жол бекеті мен жылжымалы құрам қаламыздың кішкентай тұрғындарының көңілінен қаншалықты шығып келеді?

Сіз өзіңізді ертегіде жүргендей сезінгіңіз келеді ме? Біздің сүйікті қаламызда кішкентай балаларға арналған Гарри Поттер желісімен безендірілген теміржол бекеті бар. Сиқырға толы пойыз өзінің жолын балалар күні қарсаңында бастайды. Кішкентай бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарының көңіл-күйі де көтеріледі. Балалар теміржолы алғаш 1957 жылы 1 мамыр күні қолданысқа берілген. Мұндай теміржол Қазақстанда әлі күнге дейін жалғыз ғана. Жаз мезгілінің басталуымен оқытушылар лагерь оқушыларын да саябаққа алып келіп, осы бір сиқырлы теміржолға мінгізеді.

2022 жылы Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы балалар теміржолын қайта құру және локомотивті жаңарту жұмыстарын жүргізді. Алғаш рет жылжымалы құрамның болуы үшін қозғалтқыш ауыстырылды, сонымен қатар пойыздан барлық ескі бояу тазартылды. Ал 2022 жылғы 1 маусымда 9 ¾ платформадан қарағандылық «Хогвартс-экспресс» өзінің алғашқы рейсіне аттанды, өйткені бүкіл платформа Гарри Поттер стилінде, тақырыптық түрде безендірілген. Содан бері келушілердің саны да артқан. Бастауыш сынып мұғалімі Жансая Дүзенованың айтуынша бұл жерге келуді балалар қатты қалайды екен.

– Балалар өте қуанышпен бұл хабарламаны қабылдайды. Біз жыл сайын жаз мезгілінде сүйікті қаламыздың паркін аралап, осы пойызбен саяхат жасауға тырысамыз. Ерекше әсер сыйлайды. Қарағандыдағы осындай ерекшелік барына қызметкерлерге алғыс айтқым келеді, – дейді ұстаз Жансая Дүзенова.

SONY DSC

Оны тек оқытушының сөзінен емес, кішкентай балалардың көңіл күйінен де аңғаруға болады. Балалар да риза, ата-аналардың да жаны тыныш. Иә, Қарағанды қаласында осындай қызықты жерлер жетерлік. Ал өзіңізді әлемге әйгілі Гарри Поттер отырған поезбен, ертегіге толы бекетке келгіңіз келсе, бұл жер дәл сіз үшін.

Айта кетейік, бейсенбі, 1-мамыр күні балалар темір жолы аңызға айналған «Хогвартс-экспресстің» осы жылғы алғашқы рейсін іске қосып, қала тұрғындарын шақырады. Пойыз бейсенбі және жұма күндері сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін қатынайтын болады. Билет бағасы сол қалпында қалды – 200 теңге. Үш жасқа дейінгі балалар саяхатқа тегін бара алады. «Хогвартс-экспресс» бір рейске 120 жолаушыны қабылдауға дайын. Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын маршрут темір жолмен 20 минутқа жуық жол жүреді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»