673 шақырым автожол жөнделеді

Қарағанды облысында биылғы жылы 673 шақырым автожолды жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жұмыстар республикалық және облыстық маңызы бар жолдармен қатар, қалалар мен ауылдар арасындағы жолдарды да қамтиды. Жолдардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді, және әрбір нысан мамандардың оң қорытындысын алғаннан кейін ғана тапсырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мұқашев атап өткендей, биылғы жұмыстардың басты мақсаты – көлік қолжетімділігін арттыру және жолдардың төзімділігін қамтамасыз ету.

– Біз тек жөндеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, жоспарлы жаңғырту жұмыстарын да қолға алып жатырмыз. Мысалы, жолдарға екі қабат асфальт төсеу арқылы оларды жоғары жүктемелерге төтеп беретін етіп жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдық жолдар да жаңартылуда. Жөндеу жұмыстарымен Абай, Бұқар жырау, Шет және Осакаров аудандарын қоса алғанда, 7 ауданның 24 ауылын қамту жоспарланған. Бұл жоба асфальт төсеумен қатар, жол жиектері мен тротуарларды абаттандыруды да қамтиды, – деді Мақсат Мұқашев.

Сонымен қатар, биыл үш көпір қайта жөнделмек. Нұра, Шерубай-Нұра және Есіл өзендері арқылы өтетін көпірлер жаңартылатын болады. Қарағанды – Тоғызқұдық, Осакаровка – Молодежный және Саранға шығатын жолдар жаңартылады. Барлық трассаға екі қабат асфальт төселіп, беріктік пен ұзақ мерзімділік қамтамасыз етіледі.

Қарағанды қаласында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапановтың айтуынша, биыл облыс орталығында 110 шақырымнан астам жол жөнделеді. Бұл жұмыстар жаңа учаскелердің құрылысы мен ескі көшелердің күрделі жөндеуін қамтиды.

– Біздің мақсатымыз – жолдардың сапасын жақсартып, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 85%-ға жеткізу. Қалада көптеген көше жөнделуде, соның ішінде Космонавттар, Бөкетов, Мұқанов және Пичугин, Четская көшелеріндегі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, – деді Рүстем Қожақапанов.

Биыл Қарағанды – Балқаш автожолын жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта жол төрт жолаққа бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар бірнеше негізгі жолдардың 232 шақырымы орташа жөндеуден өтеді, бұл өз кезегінде Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз, Астана – Теміртау, Қызылорда – Жезқазған, Қарағанды – Шідерті және басқа да маңызды жолдарды қамтиды.

Жезқазған-Қарағанды автожолының жөндеуі бойынша ЖСҚ әзірлеу аяқталды, қайта жаңартудан кейін жол II техникалық санатқа көшіріледі.

Жол жұмыстарын бақылау күшейтіліп, барлық нысан тексеріледі. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы филиалының бөлім бастығы Манас Тұрар атап өткендей, тексерулерге сәйкес 2024 жылы жөнделген учаскелерде ақаулар анықталмаған.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»